Қазақстан ТМҰ елдеріне дәрі-дәрмекті бірлесіп сатып алуды ұсынды
Қазақстан сондай-ақ ТМҰ елдері арасында дәрілік заттарды тіркеу рәсімдерін жеделдетуді ұсынды.
Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдер үшін дәрі-дәрмекті бірлесіп сатып алу тетігін құруды ұсынды. Бастама дәрілік заттардың қолжетімділігін арттыруға және дәрілік қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған.
Ұсынысты Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Бішкекте өткен ТМҰ денсаулық сақтау министрлерінің алтыншы кездесуінде айтты.
Тетік бірнеше елдің дәрі-дәрмекке деген қажеттілігін біріктіріп, өндірушілермен бірлескен келіссөздер жүргізуге мүмкіндік береді. Қазақстан бұл бағытта 2009 жылдан бері орталықтандырылған сатып алуды жүзеге асырып келе жатқан «СҚ-Фармация» тәжірибесі мен инфрақұрылымын пайдалануды ұсынды.
2026 жылдың алғашқы алты айында Бірыңғай дистрибьютор арқылы 2,75 млн пациент тегін дәрі-дәрмекпен қамтылып, медициналық ұйымдарға 258 млрд теңгенің өнімі жеткізілген. Сатып алу нәтижесінде 68 млрд теңге үнемделген.
Қазақстан сондай-ақ ТМҰ елдері арасында дәрілік заттарды тіркеу рәсімдерін жеделдетуді ұсынды. Ел 2026 жылы ДДҰ ұлттық реттеу жүйелерінің кемелдік деңгейі бойынша үшінші деңгейге жетті.
Осыған байланысты Қазақстан Түркиямен дәрілік заттарды жеделдетіп тіркеудің екіжақты тетігін қарастыруды ұсынды.
17 қыркүйекте Қазақстанның бастамасымен ТМҰ елдері сарапшыларының кездесуі өтіп, бірлескен сатып алудың құқықтық және ұйымдастырушылық мәселелері талқыланған. Келесі кезеңде мемлекетаралық ынтымақтастықтың нақты тетігін пысықтау жоспарланып отыр.