Қазақстан теміржол тасымалын екі есеге арттырмақ
Біздің ел арқылы 5 ірі транзиттік дәліз өтеді.
Темір жолдары ынтымақтастығы жөніндегі ұйым (ТЖЫЖ) бас директорлары (жауапты өкілдері) конференциясының 40-отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Іс-шара аясында «ҚТЖ» ҰҚ» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов Қазақстанның халықаралық көлік дәліздеріндегі маңызы артып келе жатқанын атап өтті.
Бүгін Қазақстанның барлық көлік дәліздеріндегі маңызын көрсететін ауқымды жиын өтіп жатыр. Біздің ел арқылы 5 ірі транзиттік дәліз өтеді. Бұл – жалпы транзиттік режим үшін аса маңызды көрсеткіш. Бүгінгі кездесуге әлемнің 30-ға жуық елінен өкілдер қатысуда, – деді ол.
Оның айтуынша, конференция аясында Қытай, Ресей, Вьетнам және Түркия елдерінің өкілдерімен нәтижелі келіссөздер жүргізілген.
Бұл саммит, ең алдымен, Қазақстанның маңызын айқындайды. Екіншіден, ТМТН бағытының (Транскаспий халықаралық көлік маршруты) рөлі артып келеді. Қазір бұл бағытта жүк тасымалы көлемі қарқынды өсіп жатыр. Келесі жылдың соңына дейін тасымал көлемін кемінде екі есеге арттыруды жоспарлап отырмыз. Бұл – еліміздің және маршруттарымыздың маңызын көрсетеді, – деді Алдыбергенов.
Сондай-ақ ол инфрақұрылымды дамытуға ірі инвестициялар бағытталып жатқанын жеткізді.
Биыл шамамен 500 шақырым жаңа теміржол желісін саламыз, 3 мың шақырым жолды жаңғыртамыз. Жолдарды модернизациялау – бұл іс жүзінде тасымал бағыттары мен көлемін екі есеге арттыру деген сөз, – деді ол.
Конференция барысында шетелдік әріптестер Қазақстандағы тасымалдан кейінгі логистикалық айналымға қызығушылық танытқан. Ал Қазақстан үшін цифрландыру тәжірибесі ерекше маңызды.
Біз қытайлық әріптестермен цифрландыру, қағазсыз технологияларды енгізу тәжірибесін талқыладық. Бұл бағыт біз үшін өте қызықты. Сонымен қатар Ресей теміржолдарының даму тәжірибесі де маңызды. Польша теміржолдары өкілдерімен кездесуде жүк тасымалы көлемінің өсімі талқыланып, бірлескен жобалар бойынша келісімге келдік, – деді ол.
Талғат Алдыбергеновтің айтуынша, кездесу қорытындысы бойынша ТЖЫЖ-ға мүше елдер арасында көлік жобаларын дамытуға бағытталған бірлескен қызмет туралы хаттамаға қол қойылады.
ТЖЫЖ – 1956 жылы құрылған халықаралық ұйым. Ол әртүрлі елдердің теміржол тасымалдаушыларын ортақ стандарттар мен нормативтік талаптар аясында біріктіретін бірегей құрылым, – деп түйіндеді ол.