«Қазақстан» телерадиокорпорациясының жаңа жобалары таныстырылды

Астанада «Қазақстан» телерадиокорпорациясының жаңа маусымдағы жобаларының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Шараға Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, телевизия ардагерлері, БАҚ жетекшілері мен журналистер қатысты. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы күзгі маусымын ұлттық жобаларға арнайды. 

Осы бағытта «Алтын қақпа» викториналық телесайысы, дәстүрлі әнші, күйші, жыршы-термешілердің қатысуымен өтетін «Інжу-Маржан» жобасы, «Мергендер мекені» телевизиялық садақшылар сайысы, қазақ жырларының тарихын бейнелеп көрсететін «Жыр-аманат», ұлттық тағам түрлеріне арналған «Дала дәмі», Алаш тақырыбындағы теледәрістер топтамасынан тұратын «Ашық академия» жобалары эфирге шығады.

Ұлттық арна соңғы жылдары ұлттық бояуын сақтай отырып, қоғамдық-саяси телеарна ретінде қалыптасты. Сапа, жаңа заманауи трендтерді енгізу бойынша біздің ұжымның нарықта көшбасшыға айналғанын жақсы білесіздер. Осының арқасында аудиториямыз қатарына жастар қайта қосылды. Соңғы деректер бойынша, арнаның жастар аудиториясы 32 пайызды құрайды. Енді бұл санаттағы көрерменге салт-дәстүрлеріміз, ән-күйіміз, дәстүрлі дастарханымыз, жалпы айтқанда, ұлттық құндылықтарымызды жаңа телевизиялық сапада, жаңаша форматта ұсынамыз, - деді Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай шараның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде.

«Інжу-Маржан» бағдарламасында Қазақстанның әр өңірінен жиналған 180 өнерпаздың орындауында 300-ден аса шығарма жазылып алынды.

«Жыр-аманат» жобасында халық ауыз әдебиетінің бай мұрасы «Ер Қармыс», «Алпамыс батыр», «Жантай батыр» және «Батыр Баян» эпостары көрерменге киноформатта жол тартады.

«Мергендер мекені» ұлттық реалити жобасында еліміздің барлық аймағынан 2 мыңнан астам кәсіби және әуесқой садақшы бақ сынап, жеңімпаз демеушілер есебінен Астана қаласынан пәтер иеленді.

«Дала дәмі» көрерменді ұмыт болып бара жатқан дәстүрлі дәм түрлерімен таныстырады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы