Бүгiн 2026, 14:28 Фото: СІМ

Қазақстан Таяу Шығыстағы қақтығыста ешбір тараптың жағында емес – СІМ

Бұл жайында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев мәлім етті.

Қазақстан Таяу Шығыстағы қақтығыста ешбір тараптың жағында емес. Бұл жайында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Сыртқы істер министрінің айтуынша, Қазақстан әрдайым үшінші мемлекеттердің ішкі ісіне араласпау қағидатын ұстанып келеді және бұл бағыттан айнымайды.

Қазақстан ешбір тараптың жағында емес – Иранның да, шабуылға ұшыраған елдердің де. Біз мұндай әскери қақтығыстар болмауға тиіс деп есептейміз. Егер олар туындаса, шешімі дипломатиялық үстелде табылуы қажет. Барлық әрекет халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысына сәйкес жүзеге асырылуға тиіс, – дейді Әлібек Бақаев.

Иранның көршілес араб мемлекеттеріне жасалған шабуылына қатысты сұраққа вице-министр қысқа жауап берді.

Әрине, құптамаймыз, – деді ол.

Ирандағы этникалық қазақтарға қатысты мәселе де көтерілді. Бақаев олардың Иран Ислам Республикасының азаматтары екенін атап өтті.

Горган қаласында тұратын этникалық қазақтар – Иран азаматтары. Сондықтан сол елдің заңдарына бағынады. Бұл – халықаралық құқыққа қатысты мәселе. Біз үшінші мемлекеттің ішкі саясатына араласпаймыз, – деді вице-министр.

Оның айтуынша, егер этникалық қазақтар Қазақстан азаматтығын немесе босқын мәртебесін алғысы келсе, заңда көзделген рәсімдерден өтуі тиіс.

Кез келген адам Қазақстанға келіп, тұруды қаласа, ішкі заңдар мен тәртіп талаптарына сай болуы қажет. Егер талаптарға сәйкес келсе, Қазақстан – ашық мемлекет, – деді ол.

Таяу Шығыстағы ахуал күрделенген жағдайда босқындар ағыны болуы мүмкін бе деген сауалға Бақаев арнайы алгоритм қарастырылғанын айтты.

Бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Егер босқындар мәселесі ушығатын болса, мемлекеттік органдар заңнамаға сәйкес әрекет етеді. Босқын мәртебесі бірден берілмейді, ол тиісті заңнамалық рәсімдерден өтуі керек, – деді СІМ орынбасары.

Иран мен Израильдегі Қазақстан азаматтарының санына тоқталды. Қазіргі таңда Иран аумағында шамамен 70-ке жуық қазақстандық бар. Ал Израильде 80-90-ға жуық Қазақстан азаматы қалып отыр. Олардың қауіпсіздігі бақылауда, қажет болған жағдайда эвакуация жұмыстары жүргізіледі.

Бұған дейін біз Иран аумағындағы Қазақстан азаматтарын елге қайтару жұмыстары жалғасып жатқаны жайлы жазған едік.