Қазақстан тауар өндірушілерінің реестріне тіркелген кәсіпорындар саны артып жатыр
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес “Қазақстандық тауар өндірушілерінің тізілімі” атты бірыңғай цифрлық платформа іске қосылды. Жаңа жүйе отандық өндірісті қолдауға, тауарлардың шығу тегін растау үдерісін жеңілдетуге және бизнес үшін ашық әрі тиімді орта қалыптастыруға бағытталған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазіргі таңда еліміздің бірқатар кәсіпорындары аталған тізілімге сәтті қосылып үлгерді. Атап айтқанда, Астана, Алматы, Қарағанды, Семей және Шымкент қалаларындағы өндіріс орындары белсенділік танытып, көш бастап тұр.
Солардың қатарында кеңсе қағазын өндіруге маманданған “Qagaz Ordasy” ЖШС бар. Компания директоры әрі тең құрылтайшысы Қанат Әлімбаевтың айтуынша, кәсіпорынның жобалық қуаты жылына айтарлықтай көлемді қамтиды.
Біздің цехтың жылдық жобалық қуаты: А4 форматындағы кеңсе қағазы – 3 миллион қаптама, А3 форматындағы қағаз – 300 мың қаптама. Өндіріс көлемі ұлғайған сайын басқа да форматтағы кеңсе қағаздарын шығару жоспарланып отыр. Кәсіпорын 2020 жылдың наурыз айында пайдалануға берілді және бүгінде “Қазақстандық тауар өндірушілерінің тізіліміне” енгізілді, – деді Қанат Алимбаев.
Айта кету керек, тізілім e-ondiris.gov.kz сайты арқылы жұмыс істейді және барлық пайдаланушылар үшін ашық. Бүгінгі таңда кез келген кәсіпкер немесе өндіріс иесі платформада онлайн түрде тіркеуге өтініш бере алады.
Жаңа тізілімнің бұрынғы тауар шығу тегін растау механизмдерінен басты айырмашылығы – толық цифрландырылуы. Өтініш беру, оны тексеру және шешім қабылдау кезеңдері толығымен онлайн форматта жүзеге асырылады. Бұл өз кезегінде ашықтықты арттырып, адами факторды азайтады.
Сонымен қатар, жаңа жүйеге тиімді әрі жедел көшу мақсатында бұрын қазақстандық өндіруші мәртебесін алған 1800-ден астам индустриялық сертификат иелері тізілімге автоматты түрде ауыстырылған. Аталған компаниялар бір ай ішінде жүйеге қажетті мәліметтерді енгізіп, өтінімді электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы растауы тиіс.
Қазіргі таңда жаңа платформада мыңға жуық компания тіркелген. Бұл көрсеткіш “Қазақстандық тауар өндірушілерінің тізілімі” отандық бизнес үшін тиімді әрі сұранысқа ие құралға айналып келе жатқанын көрсетеді.