Қазақстан Сыртқы істер министрі Моңғолияға ресми сапармен барды

Моңғол тарапының шақыруымен Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Моңғолияға ресми сапармен барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сапар аясында Моңғолияның Сыртқы істер министрі Батмунхийн Батцэцэгпен кездесу өтті. Тараптар Қазақстан мен Моңғолия арасындағы стратегиялық серіктестіктің жоғары деңгейін атап өтті. Жоғары деңгейдегі саяси диалогтың қарқынды дамып келе жатқанына, сондай-ақ үкіметаралық және парламентаралық байланыстардың белсенділігіне назар аударылды.

Бүгінде қазақ-моңғол қатынастары үлгілі достық сипатқа ие. Арамызда шешілмеген мәселелер жоқ. Бұл – біз үшін сенім мен орнықты дамуды нығайтуға пайдалануға болатын құндылық, – деді М.Нұртлеу.

Қазақстан СІМ басшысының айтуынша, оның Ұлан-Батырға сапары 2024 жылғы қазанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Моңғолияға жасаған мемлекеттік сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде жүзеге асыруды егжей-тегжейлі талқылауға арналды.

Қазақстан мен Моңғолия – көшпелі мұра, ұқсас тарихи-мәдени тамырлар мен өзара құрмет біріктіретін бауырлас халықтар. Қазақстан – Моңғолияның стратегиялық серіктестік қатынас орнатқан Орталық Азиядағы алғашқы ел, – деп атап өтті Б.Батцэцэг.

Сауда-экономикалық ынтымақтастықты талқылау барысында тараптар екі ел президенттері қойған екіжақты тауар айналымын 500 млн АҚШ долларына дейін жеткізу жөніндегі мақсатты орындау жолдарын қарастырды.

Қазақстан пилоттық жоба ретінде Монғолиядан 500 мың бас ешкі сатып алуға қызығұшылық танытты. Бұл ет және басқа да мал шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу саласындағы экспортқа бағдарланған агроөнеркәсіптік кооперацияның бірлескен бастамасы болады.

Осыған байланысты М.Нұртлеу іскерлік байланыстарды жандандыруды ұсынып, моңғол компанияларын өзара тиімді ынтымақтастыққа шақырды.

Министрлер өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша «сағаттарын теңестіріп», БҰҰ, АӨСШК және ШЫҰ аясында ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екенін растады.

Сонымен қатар Алматы қаласында Орталық Азия елдері мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ Өңірлік орталығын құру туралы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қарарының тең авторы болғаны және қолдау көрсеткені үшін моңғол тарапына алғыс білдірілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Сыртқы істер министрлігі
Өзгелердің жаңалығы