30 Шілде 2026, 01:20 Фото: Сыртқы істер министрлігі

Ермек Көшербаев АҚШ мемлекеттік хатшысымен Каспий құбыр консорциумы төңірегіндегі жағдайды талқылады

Тараптар кеңейтілген стратегиялық әріптестік аясындағы Қазақстан мен АҚШ арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, сондай-ақ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа алдағы сапары мен оның G20 саммитіне қатысуына дайындық барысын талқылады.

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен телефон арқылы сөйлесті.

Бұл туралы  Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Тараптар кеңейтілген стратегиялық әріптестік аясындағы Қазақстан мен АҚШ арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, сондай-ақ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа алдағы сапары мен оның G20 саммитіне қатысуына дайындық барысын талқылады.

Әңгіме барысында Каспий құбыр консорциумы (КҚК) төңірегіндегі жағдайға да ерекше назар аударылды.

Бұған дейін КҚК-ның теңіз акваториясында тұрған танкерлерге ұшқышсыз ұшу аппараттары (дрондар) шабуыл жасаған болатын. Кемелердің бірі қазақстандық мұнайды тиеуге дайындалып жатқан болса, екіншісі КҚК-ның теңіз терминалында мұнай тиеу жұмыстарын жүргізіп жатқан.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл шабуылдарды елдің экономикалық мүдделеріне жасалған жол беруге болмайтын әрекет деп бағалап, қазақстандық мұнайды экспорттауға пайдаланылатын кемелер мен инфрақұрылымға жасалатын шабуылдарды дереу тоқтатуға шақырды.

Сонымен қатар министрлік Қазақстан келтірілген залалдың көлемін бағалап жатқанын және ұлттық мүдделерін қорғау үшін халықаралық құқықта көзделген барлық тетіктерді, соның ішінде келтірілген шығынды өтеуді талап ету құқығын өзіне қалдыратынын мәлімдеді.