Қазақстан суды көп ысырап ететін елдердің бірі – статистика
Нақты уақытта халықаралық статистика жүргізетін Worldometers ресурсы Қазақстанды суды ең көп ысыраптайтын елдердің қатарына жатқызып отыр. Бұл туралы BAQ.KZ Finprom желісіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Қазақстан және Орталық Азияның басқа да елдері суды үнемдемейді. Қазақстан Республикасында суды жан басына шаққандағы тұтыну көлемі әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі болып есептеледі.
Оның себебі - елде сумен жабдықтау тарифтерінің өте төмендігіне байланысты болуы мүмкін.
Worldometers мәліметінше, Қазақстан, Орталық Азияның басқа елдері сияқты, суды аса үлкен көледе тұтынуымен ерекшеленеді.
Мұнда жан басына шаққандағы суды күнделікті тұтыну деңгейі 3,5 мың литрге жетеді.
Салыстырсақ, көрші Ресейде бұл көрсеткіш тек 1,3 мың литр, Грузияда — 1,2 мың литр, Украинада — 604 литр, ал Ұлыбританияда — бір адамға 348 литр ғана», -деп жазады Finprom.kz.
Талдаудағы 179 елдің ішіндегі ең төмен көрсеткіш Африка елдерінде тіркеліп отыр. Атап айтқанда, Конго Демократиялық Республикасы 34 литр көрсеткішпен соңғы орында тұр.
Ал бірінші орындаТүркіменстан тұр. Мұнда жан басына шаққандағы күнделікті су тұтыну көлемі – 16,3 мың литр.
Алғашқы үштікке Чили мен Гайана кіреді. Орталық Азиядағы Өзбекстан (4,8 мың литр), Тәжікстан (4,5 мың литр), және Қырғызстанның (4,3 мың литр) су тұтыну көлемі Қазақстаннан жоғары.
Салыстыру үшін айтсақ, АҚШ-та жан басына шаққандағы күнделікті су тұтыну көлемі- 3,8 мың литр. Демек, Қазақстанның көрсеткішінен 300 литр артық.
Алайда бұл елдің халық саны 330 миллионнан асатынын ұмытпау керек.
Су тарифінің рейтингіне Қазақстанның үш қаласы енген. Олар тізімдегі 123 қаланың ішінен тиісінше 0,19, 0,11 және 0,1 еуро тарифпен 117, 118 және 119-орындарды иеленіп тұр. Яғни, Қазақстандағы құбыр суының бағасы әлемдегі ең арзан бағаның бірі болып отыр», - деп жазылған материалда.