Қазақстан спортшылары демалыс күндері 19 халықаралық медаль жеңіп алды
Өткен демалыс күндері қазақстандық спортшылар халықаралық ареналарда жарқын жетістіктерімен қуантты. Бокс, каратэ, жеңіл атлетика, семсерлесу және нысана көздеу спорт түрлерінен ел намысын қорғаған саңлақтар жалпы саны 19 медаль жеңіп алып, Қазақстанның спорттағы әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Ең жоғары нәтиже Қытайдың Гуйян қаласында өткен World Boxing Әлем кубогінің екінші кезеңінде тіркелді. Қазақстан құрамасы 5 алтын және 3 қола медаль жеңіп алып, турнирдегі үздік командалардың бірі атанды. Чемпиондық тұғырға Санжар Тәшкенбай, Абылайхан Жүсіпов, Айбек Оралбай, Назым Қызайбай және Виктория Графеева көтерілді.
Индонезияның Бали аралында ұйымдастырылған WKF каратэден Азия чемпионатында да қазақстандық спортшылар жоғары нәтиже көрсетті. Ұлттық құрама 2 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль жеңіп алып, құрлықтағы жетекші командалардың қатарынан көрінді. Жоламан Биғабыл мен Олжас Алтынбек Азия чемпионы атанды.
Жеңіл атлетикадан Қытайдың Шаосин қаласында өткен Азия эстафеталық чемпионатында Қазақстан құрамасы аралас 4×400 метрлік эстафетада алтын медаль жеңіп алды. Құрама сапында Эльнор Мұхитдинов, Мария Шувалова, Андрей Соколов және Аделина Земс өнер көрсетті.
Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен Азия чемпионаты қазақстандық семсерлесу спорты үшін тарихи жетістікпен есте қалды. Ирина Бакалдина әйелдер арасындағы жеке шпага бәсекесінде Азия чемпионатының алтын медалін жеңіп алған алғашқы қазақстандық спортшы атанды. Ал Руслан Құрбанов ерлер арасындағы жеке шпага сайысында қола жүлдеге ие болды.5+
Германияда өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында нысана көздеуші Ринат Казаченко күміс медаль иеленді. Ол 50 метр қашықтықта үш қалыптан кіші калибрлі винтовкамен ату бағдарламасында үздіктер қатарынан көрінді. Бұл Қазақстан құрамасының аталған әлем біріншілігіндегі алғашқы жүлдесі болды.
Осылайша, демалыс күндері қол жеткізілген 19 медаль қазақстандық спортшылардың халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін айқындап қана қоймай, елімізде олимпиадалық спорт түрлерін дамыту бағытында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың нақты нәтижесін көрсетті.