«Қазақстан» спорт сарайы жөндеуден өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сарайдағы бассейннің жұмысы күрделі жөндеу аяқталғанға дейін уақытша тоқтатылды, деп хабарлады елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.

«Қазақстан» спорт сарайының салынғанына жақында 19 жыл болды. Ол 2001 жылдың наурызында ашылған болатын. Осы уақыт аралығында мұнда күрделі жөндеу мүлде жүргізілмеген.

2017 жылдың қазанында «Қазақстан» СС «Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы (ӘКК)» АҚ-ның басқаруына берілген болатын. Басқарушы компания ғимаратты техникалық зерттеуден өткізді. Оның нәтижесінде бірқатар жүйенің күрделі жөндеуді талап ететіндігі анықталды. Мәселен, бассейннің жұмысын тоқтатуға тура келді.

«Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарушы директоры Халел Әкімжановтың айтуынша, сарапшылар бассейннің жағдайын апаттық деп бағалап отыр.

«Негізгі проблема – бассейн шұңқырындағы ұсақ жарықтардың көптігі. Гидроизоляция жаңартылмаған, су біртендеп өтіп, тірек құрылымдардың бұзылуына, бассейн шұңқырының тоттануына себеп болған. Шұңқыр су қысымынан «жиналып», адамдар зардап шегуі мүмкін еді. Тиісінше, біз келушілердің қауіпсіздігі үшін бассейн жұмысын уақытша тоқтаттық», - деп түсіндірді Халел Әкімжанов. 

Бұдан бөлек, шатыр құрылымдарын ұстап тұратын үстіңгі жабын фермаларының кейбірі деформацияланған.

«Бұл қардың төбеге түсіретін салмағы шекті нормативтен асып кеткендігін білдіреді. Металдың тозғандығы соншалық, алдағы уақытта төбенің құлап кетуіне алып келуі мүмкін. Салмақ түсетін емес, екінші кезектегі құрылымдар бұзылған. Десек те, оларды не бекіту, не ауыстыру керек. Мұндай жағдай үстіңгі жабын мен сарайдың мұз айдыны үстіндегі төбеде де орын алуда. Техникалық қорытындыға сәйкес, бұл - 3-санаттағы жағдай. Ол қанағаттанарлық жағдай болып есептеледі. Біз мониторингті үнемі жүргіземіз. Алайда, сарай жөндеу жұмыстарын талап етеді», - деп атап өтті Халел Әкімжанов. 

Оның айтуына қарағанда, басқарушы компания келушілердің мүдделерін қанағаттандыру мақсатында тиісті шаралардың барлығын жүзеге асыруда.

Компания басшылығы абонементтер бағасының әртүрлі екендігіне қарамастан, күшін жоймаған «Қазақстан» спорт сарайы бассейніне келу абонементі, тіпті бірреттік абонементі бар азаматтар үшін «Барыс Арена» КМС-дағы бассейнге сол шарттардың негізінде келу мүмкіндігін ұсынып отыр. Бассейнге келу абонементтерінің мерзімі шектелмеген. Бұл сабақтарды жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін жаңартуға мүмкіндік береді.

«Қазақстан» СС – тұрғындар үшін маңызды әлеуметтік нысан. Оны халыққа арналған қаладағы ең қолжетімді кешен деп атауға болады. Елордадағы басқа бассейндермен салыстырғанда, мұнда азаматтар көп келеді. Бәрінен бұрын қауіпсіздік қамтамасыз етілуі тиіс. Адамдар мұнда келуге үйреніп қалған. Ол үшін алаңдайды. Халық арасында сарайдың жабылатындығы, сүрілетіндігі, оның орнында сауда үйінің салынатындығы туралы қауесеттер бар. Мұның барлығы да жалған ақпарат екендігін айтқым келеді. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң, спорт сарайы бұрынғыдай азаматтар үшін жұмыс істейтін болады», - деп сендірді «Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ өкілі.

Десек те, бұл жалғыз проблема емес. Сарайдағы коммуникациялар тозған, төбеден су ағады, кей жерде қаптауыш материалдар құлап жатыр. Ғимарат толықтай күрделі жөндеуден өтуі керек. Осыған орай спорт сарайының қызметі күрделі жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін тоқтатылуы мүмкін.

«Бұл жағдай көп жылдар бойы күрделі жөндеу жүргізілмеуінің нәтижесінде қалыптасып отыр. Сарай әрдайым шаруашылық есепте болды. Біз кіріс есебінен ғимаратты өзіміз тиісті жағдайда ұстауға тырыстық. Өз күшімізбен косметикалық, ағымдық жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Алайда, мұның барлығы жеткіліксіз», - дейді спорт сарайының директоры Ерболат Ақанов.

Халел Әкімжановтың айтуынша, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге шамамен жарты жыл керек. Бұдан кейін ұсынылған жобалық шешімдерге, жұмыс көлеміне және олардың құнына байланысты қаржыландыру көздері мен күрделі жөндеуді жүргізу мерзіміне қатысты шешімдер қабылданатын болады. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы