Қазақстан сот жүйесінің жетістіктері қандай
Сот төрелігінің тиімділігі жөніндегі Еуропалық комиссияның (CEPEJ) Президенті Франческо Депаскуале ұйымның ресми сайтында 2024 жылдың қазан айында Астанада өткен ҚР Судьяларының IX съезінде және Қазақстан Республикасындағы Сот әкімшілігін дамыту стратегиясын талқылауға арналған дөңгелек үстелде жасаған баяндамаларын жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Еліміздің сот жүйесін цифрландыру, істерді қарау мерзімдерін қысқарту, инновациялық технологияларды енгізу және сот төрелігінің тәуелсіздігін нығайтудағы жетістіктеріне басты назар аударылады:
- Электронды соттарды, қашықтықтан тыңдауды және құжаттарға онлайн қолжетімділікті енгізудің арқасында Қазақстан CEPEJ елдері арасында сот жүйесін цифрландыру бойынша 4-ші орында;
- Азаматтық және коммерциялық істерді қараудың орташа уақыты 48 күнді құрайды, бұл еуропалық стандарттардан айтарлықтай жылдамырақ;
- Қазақстанда деректерді талдау және процестерді автоматтандыру үшін жасанды интеллект белсенді түрде енгізілуде, бұл сот шешімдерінің дәлдігі мен жылдамдығын арттырады;
- Тәуелсіз сот әкімшілігі моделін енгізу саяси ықпалсыз соттарды қаржыландыру мен тәуелсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі;
- Электронды сот төрелігі сот жүйесіне, оның ішінде халықтың осал топтары мен шалғай аймақтардың тұрғындарына қолжетімділікті кеңейтіп, оны анағұрлым қолжетімді және әділ етеді.
Астанаға сапары аясында Ф.Депаскуалені Қазақстан Республикасының Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қабылдады.
Айта кетейік, Сот төрелігінің тиімділігі жөніндегі Еуропалық комиссия (CEPEJ) Еуропа Кеңесіне мүше 47 мемлекеттің сарапшыларынан құралған сот органы.
CEPEJ оған мүше мемлекеттердегі сот жүйелерінің тиімділігі мен сапасын арттыру арқылы Еуропалық сотқа түсетін жүктемені азайту үшін құрылған.
Еуропадағы сот төрелігінің тиімділігі мен жұмыс істеуін жақсарту құралдарын әзірлейді, ғылыми-зерттеу институттарымен байланыстарды дамытады, білікті тұлғаларды, үкіметтік емес ұйымдарды шақырады, тыңдаулар жүргізеді, сот мамандарының желілерін дамытады.