Қазақстан сиыр етін экспорттауға алты айға шектеу қойды
Ауыл шаруашылығы министрі Қазақстаннан ірі қара мал етін экспорттауға алты ай мерзімге шектеу қою туралы бұйрыққа қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұйрыққа сәйкес ірі қара мал етін, оның ішінде жаңа сойылған, салқындатылған және мұздатылған етті шығаруға сандық шектеулер квота түрінде енгізіледі. Бұл шектеулер үшінші елдерге жеткізілімдерге де, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттеріне экспортқа да қолданылады. Квотаның жалпы көлемі 20 мың тонна деңгейінде белгіленген.
Бұйрықтың орындалуын қамтамасыз ету Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне, сондай-ақ Мемлекеттік кірістер комитетіне жүктелді.
Құжатта квоталарды бөлу тәртібі де айқындалған. Жалпы квота көлемі және бір экспорттаушыға қарастырылған көлем туралы ақпарат gov.kz мемлекеттік порталында жариялануға тиіс. Бір тұлғаға берілетін квота көлемі бордақылау алаңының қуаттылығына байланысты белгіленеді. Атап айтқанда, қуаттылығы 5 мың бастан бастап – 1 мың тоннаға дейін, 10 мың бастан – 2 мың тоннаға дейін, 15 мың бастан – 3 мың тоннаға дейін, 20 мың бастан – 4 мың тоннаға дейін, ал қуаттылығы 50 мың бастан асқанда – 10 мың тоннаға дейін квота қарастырылады.
Берілген квота оны ұсынған күннен бастап 10 күнтізбелік күн ішінде жарамды болады. Сиыр етін экспорттауға арналған квота көлемдерін бөлу жекелеген тауар түрлерін экспорттауға лицензия рәсімдеу кезінде портал арқылы автоматты түрде жүзеге асырылады, осылайша ірі қара мал етінің экспортын реттеу тетігі толық аяқталады.