18 Қазан 2026, 21:50 Фото: Сыртқы істер министрлігі

Қазақстан ШЫҰ үкімет басшылары кеңесінің отырысына дайындыққа қатысты

Кездесуде сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ 2026-2027 жылдарға арналған жоғары деңгейдегі іс-шаралар кестесі талқыланды.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Мұрат Мұқышев 15-18 қазан аралығында Душанбеде өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің ұлттық үйлестірушілері кеңесінің отырысына қатысты.

Кездесуде сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ 2026-2027 жылдарға арналған жоғары деңгейдегі іс-шаралар кестесі талқыланды.

Қатысушылар 19-20 қазанда Душанбеде өтетін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер үкіметтері басшылары кеңесінің отырысына дайындық мәселелеріне де назар аударды. Көлік-транзиттік байланыстарды дамыту, қаржылық ынтымақтастықты нығайту және ұйым қызметін жетілдіру жөніндегі құжаттардың жобалары қаралды.

Отырыс қорытындысы бойынша тараптар ШЫҰ аясындағы көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған тетіктердің тиімділігін арттыру жұмыстарын жалғастыруға келісті.