Қазақстан ШЫҰ төрағасы болғанда неге назар аударды? – сарапшы

Бұл туралы Астана саммитінің баспасөз орталығында саясаттанушы Риззат Тасым айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстан саммитте көтеріп отырған маңызды сұрақтардың бірі – алдағы 10 жылдыққа Шанхай ынтымақтастық ұйымының трансформациясын жасау. Сол кездегі саяси шынайылық пен қазіргі кезеңдегі саяси шынайылық өзгерді ғой, жаңа қауіп түрлері де шықты. Мысалы, киберқауіпсіздік, энергетикалық қауіпсіздік, экологиялық қауіпсіздік. Осы салаларға ШЫҰ аясында Қазақстан өзінің төрағалығы кезеңінде басты назарды аударған болатын, - деді маман.

Ол сондай-ақ бүгінгі саммитте ШЫҰ хатшысының рөлі мен ұйымдағы Орта Азия маңызының артатынын айтты.

ШЫҰ хатшысының рөлі артады. Бұрын ол жеке тараптан мәлімдеме жасауына мүмкіндік болмаған. Алдағы уақытта ондай мүмкіндікке ие болады деп көзделіп отыр. Қорытынды Астана декларациясында Қазақстанның ШЫҰ құрылтайшысы ретіндегі рөлі, әсіресе Орталық Азия маңыздылығы көрсетілетін секілді, - деді Риззат Тасым.

Жалпы саясаттанушы Шанхай ынтымақтастық ұйымы Қазақстан үшін өзінің тарихи миссиясын орындады деп санайды.

Осы ұйымның механизмдері арқылы, біріншіден, Қытаймен шекараны бекітуге, екіншіден, аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жол ашылды. Үшіншіден, ШЫҰ кеңістігінде қоғамның радикализациясына жол берілген жоқ, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы