1 Қыркүйек 2026, 12:29 Фото: Ақорда

Қазақстан ШЫҰ-ның Даму банкін құру бастамасын қолдайды

Қырғызстан астанасы Бішкекте Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтіп жатыр. Ұйымға мүше 10 елдің мемлекет басшылары жиынға қатысу үшін Бішкекке келді. Саммит жаңа «Ырыс Ордо» конгресс-холында өтіп жатыр. Президенттің пайымдауынша, сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестік аясын кеңейтудің стратегиялық мәні зор.

Мемлекет басшысы күш-жігер жұмылдыру нәтижесінде ШЫҰ елдерінің өзара тауар айналымы бір триллион долларға таяп қалғанына назар аударды.

Алайда, біздің пікірімізше, экономикалық байланыс мүмкіндіктерін әлі толық пайдалана алмай отырмыз. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ресурстық, өндірістік және технологиялық әлеуетін барынша пайдаланып, жаңа өсім бағыттары мен орнықты іскерлік байланыстарды түзу маңызды. Қазақстан ШЫҰ-ның кең ауқымды сауда-инвестициялық кеңістігі қалыптасқанын қалайды. Кедергілері мейлінше аз, цифрлық процедуралар мен көлік-логистикалық байланыстары дамыған орта құрып, уағдаластықтардан нақты бастамаларға көшу керек деп санаймыз. Пилоттық жоба ретінде индустриялық консорциумдар тетігін енгізуді ұсынамыз. Бұл мемлекеттерге басқа қатысушыларды күтпей-ақ, пісіп-жетілген жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Кейін табысты бастамаларды тұтас Ұйым аумағында жаппай таратуға болады, – деді Мемлекет басшысы.

Президент қазіргі шекара маңындағы ынтымақтастық орталықтарының базасында ШЫҰ трансшекаралық сауда аймақтарын іске қосуға болады деп санайды.

Осы арқылы тауар алмасудың оңтайланған тәсілін, цифрлық рәсімдерді және заманауи есеп айырысу тетіктерін сынап көруге болады. Тағы бір басым бағыт – толыққанды инвестициялық контур қалыптастыру. Қазақстан Қытайдың ШЫҰ Даму банкін құру туралы бастамасын қолдайды. Қаржы ұйымының ресурсын, ең алдымен, инфрақұрылымдық, технологиялық және өнеркәсіп жобаларына бағыттаған жөн. Мүше мемлекеттердің ортақ ұйғарымы болған жағдайда, Қазақстан аталған институтты, оның штаб-пәтерін өз аумағында орналастыруға дайын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Еуразияның заманауи көлік-логистикалық қаңқасын құру ісін жеделдетуді ұсынды.

Оның пікірінше, мемлекеттердің географиялық байланысы Шанхай ынтымақтастық ұйымының стратегиялық артықшылығы саналады.

Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын Транскаспий халықаралық көлік бағдарымен, Солтүстік – Оңтүстік дәлізімен, сондай-ақ Орталық және Оңтүстік Азияның перспективті сауда жолдарымен ұштастыруға баса мән береді. Еліміз көлік саласындағы бастамаларды Шанхай ынтымақтастық ұйымы аумағында ілгерілетуге әзір. Ол үшін кеден рәсімдерін цифрландырып, электрондық құжаттарды өзара тану, «жасыл дәліз» қағидатын және басқа да заманауи тетіктерді қолданған жөн. Бұл ретте ШЫҰ Бірыңғай транзит цифрлық платформасын құру тиімді тәсіл болар еді. Ол үйлесімді цифрлық шешімдер негізінде жүктің жөнелту пунктінен соңғы нүктедегі алушыға дейін кедергісіз өтуіне мүмкіндік береді. Құқықтық-нормативтік базаны нығайту үшін Шанхай ынтымақтастық ұйымының 2035 жылға дейінгі Көлік байланысы стратегиясын әзірлеп, қабылдауды ұсынамыз, – деді Президент.

Тағы бір басым бағыт ретінде жаңа технологиялық жүйе қалыптастыру айтылды. Президент жасанды интеллекті мен цифрлық технологиялардың қарыштап дамуы ШЫҰ елдерінен өзгерістерге бейімделуді ғана емес, озық шешімдерді де талап етеді деп санайды.

ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ғылыми, инновациялық әлеуеті мол. Сондықтан тәжірибе алмасумен ғана шектелмей, жасанды интеллект экожүйесін дәйекті түрде қалыптастыра отырып, технологияларды бірлесе ойлап табуды және құзыреттілікті арттыруды жеделдетуге болар еді. Қазақстан осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуді қалайды. Биыл еліміз Қытайдың бастамасымен құрылған Дүниежүзілік жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық ұйымының (WAICO) негізін қалаушылардың бірі болды. Сондықтан Ұйымға мүше елдердің жетекші университеттерінің, ғылыми мекемелерінің және технологиялық компанияларының қатысуымен ШЫҰ аясында Жасанды интеллект орталықтарының желісін құруды ұсынамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Шанхай ынтымақтастық ұйымын реформалау мәселесі әлі де өзекті екеніне назар аударып, бұл жұмысты сыртқы саясат ведомстволарына жүктеуді ұсынды.

Сөз соңында Қазақстан ШЫҰ аясындағы сан қырлы ынтымақтастықты жаңа әрі сапалы деңгейге көтеруге барынша күш салуға дайын екенін тағы да растаймын. Өзара сенім мен ықпалдастықтың арқасында біз бұдан да биік белестерді бағындыратынымызға кәміл сенемін. Еліміз осы жолды бірге еңсеруге әзір, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.