Қазақстан, ШҰАА және Гонконг бірлескен ынтымақтастық тетігін әзірлейді

Үрімшіде Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин, СҰАР партия комитетінің хатшысы Ма Синжуй және Гонконг  Сауда және экономикалық даму министрі Алджернон Яудың қатысуымен өткен үшжақты кездесуде Қазақстаннан СҰАР мен Гонконгқа мал және өсімдік шаруашылығы өнімдерін экспорттау бойынша өзекті мәселелер талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Қытайдың Қазақстанның басым сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі екенін атап өтті. 

Ол қазақстандық өндірушілердің Гонконгқа мал шаруашылығы өнімдерін, соның ішінде жабайы аң еті, сиыр еті, қой еті, шошқа еті мен құс еті, бал, жемшөп қоспалары, сондай-ақ өсімдік шаруашылығы өнімдерін – астық, ұн, майлы дақылдар, өсімдік майлары мен сүт өнімдерін экспорттауға мүдделі екенін айтты. 

Дегенмен, ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуге кедергі келтіретін бірқатар мәселелер бар. Қазақстаннан Гонконгқа мал шаруашылығы өнімдерін экспорттау үшін әр өнімге байланысты Гонконгтың ветеринарлық қызметімен хаттамалар жасалуы тиіс.

 Гонконгтың Азық-түлік қауіпсіздігі және қоршаған орта гигиенасы департаментімен бірқатар мал шаруашылығы өнімдерін экспорттауды келісу бойынша бірлескен жұмыс басталды. 

Сонымен қатар, қазақстандық тарап Гонконгқа қытайлық Ляньюньгань порты арқылы бидай ұнын сынақ ретінде жеткізуді ұсынды. Бүгінгі таңда Қазақстан мен Қытай арасында Қазақстаннан ҚХР-на 9 түрлі мал шаруашылығы өнімдерін экспорттауға хаттамаларға қол қойылған. 

Осы жылы Қытай тарапы құс тұмауы (елдің барлық аумағы) және аусыл (оңтүстік-шығыс аймақтар) бойынша енгізілген уақытша шектеулерді алып тастады.

 Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ҚХР Бас кеден басқармасы арасында сойылған ірі қара мал мен ірі қара мал терісін жеткізуге екі хаттамаға қол қойылды. 

Қазіргі уақытта құс шаруашылығы өнімдері мен қосалқы өнімдерді экспорттау бойынша хаттамаға қол қою дайындық үстінде.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы