Қазақстан шетелге барып жұмыс істейтіндердің құқығын қорғайды
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ілияс Испанов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Президентінің тапсырмалары шеңберінде Еңбек министрлігі Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірледі және оны 30 қараша күні Үкімет бекітті.
Тұжырымдамада еңбек мигранты ретінде Қазақстан азаматтарының шетелге шығуына қатысты мәселе қарастырылған.
Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ілияс Испанов шетелге барып жұмыс істеу – жаһандық тренд екенін айтты.
Біз оған шектеу қоя алмаймыз және шектеудің қажеттілігі де жоқ. Біздің міндетіміз – өз азаматтарымыздың құқықтарын қорғау. Осы мақсатта қазақстандық еңбек мигранттары барынша көп шоғырланған елдермен құқықтық қорғауға кепілдік беретін мемлекетаралық келісімдер пакетін жасауды ұсынамыз, - деп айтты ол.
Оның айтуына қарағанда, осы келісімдерге сәйкес, Сыртқы істер министрлігінің шет елдердегі құрылымдары Қазақстан азаматтарының құқығын қорғайды.