Қазақстан шетелдік пациенттер үшін медициналық туризм орталығына айнала ала ма?
Қазақстанға жыл сайын шамамен 80 мың шетелдік азамат медициналық көмек алу, емделу және санаторий-курорттық қызметтерді пайдалану үшін келеді. Енді елімізде медициналық туризмді дамытуға бағытталған заңнамалық тетіктер енгізілмек. Бұл туралы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Құрылтайда брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, медициналық туризмді дамыту – Денсаулық сақтау министрлігінің басым бағыттарының бірі. Соңғы жылдары мемлекет медицина инфрақұрылымын дамытуға және медициналық ұйымдарды заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге қомақты қаражат салған.
Қазақстанда шетелдік пациенттерге жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін бірқатар орталық бар. Олардың қатарында Астанадағы University Medical Center, Орталық Азиядағы жалғыз протондық орталығы бар Ұлттық ғылыми онкология орталығы, сондай-ақ Алматыдағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы аталды.
Бұл мекемелерде кардиохирургия, кардиология, трансплантология, онкология және репродуктивті медицина бағыттары бойынша жоғары технологиялық қызметтер көрсетіледі.
Медициналық туризмді дамыту арқылы денсаулық сақтау жүйесіне қосымша инвестиция тарту және отандық пациенттерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру көзделіп отыр. Сонымен қатар медицина қызметкерлерін пациенттерге сервистік қызмет көрсетуге үйрету де маңызды міндеттердің бірі, - деді Тимур Сұлтанғазиев.
Қазір Қазақстанда Joint Commission International (JCI) халықаралық аккредитациясынан өткен шамамен 10 медициналық ұйым бар. Оның жетеуі Астанада, үшеуі Алматыда орналасқан. JCI – медициналық қызмет сапасын бағалайтын америкалық халықаралық стандарт. Спикер бұл стандартты әлемдік деңгейдегі сапа өлшемі ретінде сипаттады.
Медициналық туризмге арналған бірыңғай жүйе құрылады
Бірінші вице-министр медициналық туризм тек денсаулық сақтау саласына ғана байланысты емес екенін атап өтті. Шетелдік пациенттерді тарту үшін виза рәсімдеу, көлік қатынасы, қонақүй, көлік және мейрамхана қызметтері де маңызды.
Осыған байланысты жаңа заңнамада медициналық туризм ұғымы алғаш рет енгізіліп, оған қатысушылардың міндеттері мен жауапкершілігі айқындалмақ. Атап айтқанда, Денсаулық сақтау және Туризм министрліктерінің, туроператорлар мен турагенттердің құзыреті белгіленеді.
Сонымен қатар әр медициналық ұйымда медициналық туризмді дамытуға жауапты арнайы қызметтер ұйымдастырылады.
Республикалық деңгейде жеке үйлестіруші орган құрылып, медициналық туристерді есепке алуға арналған ақпараттық платформа әзірленеді. Онда қажетті ақпарат бірнеше тілде қолжетімді болады.