Қазақстан саяси жүйені жаңғыртуға бағыт алды – Шахрат Нұрышев
Қазақстан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басқаруымен саяси жүйені жаңғыртуға бағыт алды. Бұл туралы Бейжіңде (ҚХР) өткен баспасөз конференциясында Қазақстанның Қытайдағы Төтенше және өкілетті елшісі Шахрат Нұрышев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басқаруымен саяси жүйені жаңғыртуға бағыт алды. Биыл 5 маусымда өткен республикалық референдум барысында еліміздің халқы Конституцияға өзгеріс енгізу арқылы Президенттің Жаңа әділетті Қазақстан құру туралы бастамасына қолдау көрсетті, - деді дипломат.
Нұрышов атап өткендей, Конституцияның 33 бабына 56 өзгеріс енгізіліп, мемлекетті басқару құрылымы суперпрезиденттік түрден мықты Президенті, ықпалды Парламенті мен есеп беретін Үкіметі бар президенттік түрге өзгертілді.
Сонымен қатар 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында Жаңа әділетті Қазақстанды құру мақсатында құрылымдық экономикалық өзгерістер жасау, «азамат-бизнес-мемлекет» үшбұрышы аясындағы қатынастарды түбегейлі өзгерту және барлық азаматтарға тең мүмкіншіліктер мен әділеттілікті қамтамасыз ету арқылы саяси жаңғыртуды жалғастыру қадамдарын растады, - деп түсіндіріп өтті ол брифингте.
Онымен қоса, Мемлекет басшысы Жаңа экономикалық бағытты жариялады.
Елшінің айтуынша, Президент экономиканың нақты секторы заманауи әлемдік үрдістерге жауап беру қажеттігін атап өтті. Мемлекеттік қорлардың тиімділігін арттыру, индустриялық сектордың инвестициялық тартымдылығын көтеру, транзиттік әлеуетті нығайту, ауыл шаруашылықты субсидиялау және су саласын дамыту міндеттері қойылды.