Қазақстан салықтық әкімшілендірудің сервистік моделіне көшеді

Қаржы министрі Мәди Такиев Үкімет отырысында салықтық әкімшілендіруді сервистік модельге көшіру туралы баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, бұл тәсіл салық төлеушілерді олардың қызметінің барлық кезеңінде қолдауға бағытталған.

Сонымен қатар ведомство басшысы негізгі ұстаным – «бақылау үшін бақылаудан» бас тартып, салық төлеушіні тіркелген сәттен бастап бүкіл қызметі барысында сервистік тұрғыда сүйемелдеу екендігін алға тартты. Бұл Мемлекеттік кірістер комитетінің, екінші деңгейлі банктердің платформаларында және өзге де цифрлық арналарда электронды сервистер мен интеграцияларды дамыту арқылы жүзеге асырылмақ.

Енгізілетін шешімдердің қатарында мыналар бар:

декларацияларды алдын ала толтыру және автоматты түрде декларациялау;

ҚҚС бойынша есепке қою немесе есептілік тапсыру мерзімінің жақындауы сияқты маңызды оқиғаларға қатысты push-хабарламалар жіберу;

бірқатар рәсімдерді «өтінішсіз» форматта іске асыру, оның ішінде мемлекеттік бажды автоматты түрде қайтару және салықтарды автоматты есепке алу.

Сонымен қатар ҚҚС төлеуші ретінде тіркелгеннен кейін кәсіпкерлер Мемлекеттік кірістер комитетінің платформасында электронды шот-фактуралармен жұмыс істеу, ҚҚС бойынша негізгі ұғымдар мен есептілік тапсырудың маңызды мерзімдеріне арналған базалық оқытудан өте алады.

Бұдан бөлек, салық төлеушілерге цифрлық сервистерді пайдалану барысында қолдау көрсететін онлайн-көмекші іске қосылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы