Қазақстан Румыния мен Мажарстанда логистика терминалдарын дамытуды қолға алды
Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербургте өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) кезекті отырысында сөз сөйледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, ЕАЭО әлемдегі маңызды көлік-логистика торабы бола алады
Бірлестік құрамындағы мемлекеттердің аумағы арқылы Батыс Қытай – Батыс Еуропа, Солтүстік – Оңтүстік, Транскаспий халықаралық көлік бағдары секілді негізгі дәліздер өтеді. Қазақстан шетелдік серіктестермен бірге (Ресей Федерациясында, Қытайда, Әзербайжанда және басқа да елдерде) халықаралық мультимодальды логистика орталықтары мен терминалдар желісін (Румыния мен Мажарстанда) дамытуды белсенді қолға алды. Серіктестерімізді сауда-саттықты жандандырып, жүк тасымалы шығынын азайту үшін ұйымға мүше өзге мемлекеттерді де осы іске атсалысуға шақырамыз, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Каспий жағалауындағы теңіз инфрақұрылымы арқылы ынтымақтастықтың тың мүмкіндіктеріне жол ашылатынын жеткізді.
Президенттің айтуынша, Каспий теңізіндегі негізгі порттарда орналасқан заманауи контейнер хабтары ұдайы ұлғайып келе жатқан жүк тасымалына қызмет көрсете алады. Бұл ретте ол ұйымға мүше елдердің транзит әлеуетін нығайтуға серпін беретін Кеме қатынасы туралы келісімнің күшіне енуін жеделдетуге шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, әлемде сұранысқа ие, қосылған құны жоғары өнім шығаруға бағдарланған жаңа өндіріс орындарын дамытуға баса мән берген жөн.
Еуразия даму банкі сарапшыларының есебіне сәйкес, ЕАЭО елдерінің өнеркәсіп тауарларын шығару және экспорттау бойынша қосымша мүмкіндігі 67 миллиард долларға бағаланады. Осы әлеуетімізді толық пайдалансақ, түпкі нәтижесі 500 миллиард долларға жетуі ықтимал. Аталған мақсатқа жету үшін өнеркәсіп кооперациясын күшейту қажет. Бұл орайда серпінді инновациялық жобаларға инвестиция құйған жөн, – деді Қазақстан Президенті.