10 Наурыз 2026, 15:15 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Қазақстан ресейлік көліктерге утильалымды көтереді

Құжат жақын арада күшіне енеді.

Үкіметте өткен брифингте Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Қазақстан Ресейден әкелінетін автокөліктерге қатысты утильалым мөлшерін арттыратынын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, Ресей Қазақстаннан экспортталатын көліктерге утильалым көлемін бірнеше есе өсірген. Осыған байланысты Қазақстан тарапы да ресейлік жаңа автокөліктерге қатысты ұқсас шара қабылдамақ.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі бірлесіп тиісті бұйрық әзірлеген. Құжат жақын арада күшіне енеді.

Біз ресейлік нарық үшін жаңа талап ойлап тауып отырған жоқпыз. Бұл – тең жауап. Нарықта өзара тең жағдай болуы керек. Ресей Қазақстан көліктеріне утильалымды еселеп көтеріп жіберді. Жыл сайын прогрессивті шкала 2030 жылға дейін өсе береді. Сондықтан біз де Ресейдің ұстанымын өздеріне қатысты айна-қатесіз қолданамыз, – деді Нағаспаев.

Министрдің сөзінше, қабылданатын шешім отандық автокөлік өндірісін қорғауға бағытталған.

Сонымен қатар ведомство басшысы бұл өзгерістер ішкі нарықта автокөлік бағасының күрт өсуіне әкелмейтінін атап өтті.

Сондықтан автокөлік бағасы күрт қымбаттап кетпейді. Мен оны қалыпты жағдай деп есептеймін, – деді министр.