Қазақстан Ресейдің әскери комиссариатынан қашқандарды еліне қайтара ма?
Бұл сұраққа Орталық коммуникациялар қызметінде Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар туралы баспасөз конференциясында Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов жауап берді деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бізде Ресеймен құқықтық көмек көрсету туралы – сотталғандарды алмасу және қылмыскерлерді экстрадициялау бойынша келісімшарт қатынасы бар. Ең негізгі қағидат – біз жақта да, ол тарапта да бұл қылмыстық жазаға тартылатын әрекет болуы керек. Оған қоса халықаралық іздеу жарияланған азаматты сұратып отырса, Қазақстан аумағында өзге кедергілер болмаса, анықтап, экстрадициялау тәртібі бойынша Ресей Федерациясына тапсырамыз, - деді министр.
Алайда Марат Ахметжановтың айтуынша, экстрадициялау шарасына мобилизациялаудан қашқан ресейліктер жатпайды. Өйткені заң бойынша Ресейге аталған құқықтық көмекті қылмыстық ісі бар адамдарға қатысты ғана көрсете алады.
Бұл жерде әскери мобилизация туралы әңгіме жоқ. Мен жұмылдыру туралы айтып отырған жоқпын. Тіркеліп, санкцияланған, халықаралық іздеу жарияланған қылмыстық заң бұзулар туралы айтып отырмын. Ресейдің әскери комиссариаттары іздеу салатын болса, бұл оларды Ресейге табыстауға құқықтық негіз болмайды, - деді Ішкі істер министрі.