Қазақстан–Ресей шекарасында жүк көліктерінің ұзын-сонар кезегі пайда болды
Екі елдегі инфрақұрылым мүмкіндіктерінің айырмашылығы да жағдайға әсер етіп отыр. Мәселен, Қазақстандағы "Жайсаң" өткізу бекетінде төрт жолақ жұмыс істесе, Ресейдегі "Сагарчин" бекетінде небәрі екі жолақ бар.
Ақтөбе облысындағы Қазақстан – Ресей шекарасында жүк көліктері кептеліп қалды. Бұған Ресей тарапының көліктерді қабылдау қарқынының төмендеуі себеп болған.
ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, әлеуметтік желілерде батыс өңірдегі өткізу бекетінде пайда болған ірі кептелістің видеолары тараған.
Ведомствоның хабарлауынша, көрші елдің өткізу пунктінде жүк көліктерін қабылдау баяулағандықтан, шекарада ұзын кезек қалыптасқан.
Сонымен қатар, екі елдегі инфрақұрылым мүмкіндіктерінің айырмашылығы да жағдайға әсер етіп отыр. Мәселен, Қазақстандағы "Жайсаң" өткізу бекетінде төрт жолақ жұмыс істесе, Ресейдегі "Сагарчин" бекетінде небәрі екі жолақ бар.
Мамандардың айтуынша, көлік ағыны көбейген кезде қолданыстағы инфрақұрылым барлық жүктемені біркелкі қабылдай алмайды, соның салдарынан мезгіл-мезгіл кептеліс туындайды.
Комитет өкілдері демалыс күндерінен кейін жүк тасымалы көлемі дәстүрлі түрде артатынын, сондықтан мұндай кезектер жиі байқалатынын атап өтті.