Кеше 2026, 22:18 Фото: Скриншот

Қазақстан – Ресей шекарасында 600-ден астам жүк көлігі кезекте тұр

Мамандардың айтуынша, кезекте тұрған көліктердің жартысынан көбі тез бұзылатын өнімдерді тасымалдайды.

Ақтөбе облысындағы Қазақстан–Ресей шекарасында жүк көліктерінің ұзын-сонар кезегі әлі де сақталып отыр. «Жайсан» – «Сагарчин» халықаралық автомобиль өткізу пунктінде жүргізілген мониторинг нәтижесінде шекарадан өту үшін күту уақытының 24 сағаттан асатыны анықталды, деп жазды «Диапазон» басылымы.

Кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, өткізу пунктінің кіреберісінде шамамен 360 жүк көлігі тұрса, тағы 250-ге жуық ауыр жүк көлігі Саржансай ауылы маңында өз кезегін күтуде. Осылайша, шекарадан өтуді күтіп тұрған көліктердің жалпы саны 600-ден асты.

Мамандардың айтуынша, кезекте тұрған көліктердің жартысынан көбі тез бұзылатын өнімдерді тасымалдайды. Әсіресе Өзбекстаннан Мәскеуге бағыт алған көкөніс пен жидек тиеген жүк көліктері ұзақ кідірістен зардап шегіп, кәсіпкерлер шығынға ұшырауда.

Тасымалдаушылардың пікірінше, кептелістің басты себебі – Ресей тарапындағы «Сагарчин» өткізу пунктінің өткізу қабілетінің төмендігі. Қазіргі таңда қабылдаушы жақта тек бір кіру жолағы жұмыс істейді. Алдымен жолаушылар мен жеңіл көліктер өткізіліп, кейін ғана жүк көліктеріне кезек беріледі.

Ал қазақстандық тарапта көлік құралдарын өткізу штаттық режимде жүзеге асырылып жатқаны хабарланды.

Мәселені шешу үшін Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасы Орынбор облысындағы кәсіпкерлер құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілге ресми түрде жүгініп, көлік қозғалысын тұрақтандыру және өткізу қабілетін арттыру бойынша шаралар қабылдауды сұрады. Алайда әзірге бұл өтінішке қатысты нақты жауап жарияланған жоқ.