Қазақстан-Ресей шекарасы: «Жайсан» бекетінде 160 жүк көлігі жиналып қалды
Көлік кептелісі Ресей аумағындағы «Сағарчин» өткізу бекетінде жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстарына байланысты пайда болған.
Ақтөбе облысындағы «Жайсан» автомобиль өткізу бекетінде Ресейге бағыт алған шамамен 160 жүк көлігі кезекте тұр.
Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.
Көлік кептелісі Ресей аумағындағы «Сағарчин» өткізу бекетінде жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстарына байланысты пайда болған.
Ресей тарапы 4 қыркүйектен бастап жол жамылғысын ауыстырып жатыр. Осыған байланысты көлік қозғалысы бір жолақпен кезекпен ұйымдастырылған. Бұл өткізу бекетінің өткізу қабілетін төмендетіп, шекарадан өту жылдамдығына әсер етуде.
Мемлекеттік кірістер комитеті басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, «Жайсан» бекетінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп, көліктердің қозғалысын жеделдету шараларын қабылдап жатыр.
Осы мақсатта көлік ағыны реттеліп, бір бөлігі жақын маңдағы өткізу бекеттеріне бағытталуда. Сондай-ақ электронды кезектегі слоттар саны бекеттің қазіргі өткізу мүмкіндігіне қарай қайта қаралған.
Жағдай тұрақты бақылауда. Комитет тасымалдаушыларға маршрут жоспарлау кезінде шекарадағы қазіргі жағдайды ескеруді сұрады.