Қазақстан Қытаймен азаматтар туралы ақпарат алмасады
Бүгін өткен Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы тараптар мемлекеттерінің азаматтарына қатысты ақпарат алмасу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң мақұлданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Заң Қазақстан мен Қытай азаматтарына қатысты көші-қон саласында ақпарат алмасу бойынша өзара іс-қимыл жасауды мақсат тұтқан.
Заңның міндеті Мемлекет басшысының биыл 17 мамырда Қытай Халық Республикасына жасаған сапары барысында Сиань қаласында Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрлері қол қойған келісімді ратификациялау болып саналады.
Келісім аясында мынадай бағыттар бойынша мәліметтермен өзара алмасу бойынша ынтымақтастық нысандары айқындалды:
- тараптар мемлекеттерінің аумағында болу мақсаттары бойынша Тараптар мемлекеттерінің азаматтарына визасыз келу, сондай-ақ берілген визалар саны;
- бір тараптың өз мемлекетінің азаматтығына қабылданған немесе азаматтығы қалпына келтірілген екінші Тараптың азаматтары туралы мәліметтерді ұсынуы;
- Келісім күшіне енгенге дейін өз азаматтығын ауыстырған Тараптар мемлекеттерінің азаматтары туралы мәліметтермен өзара алмасу;
- келу, болу және кету қағидаларын бұзған екінші Тарап мемлекетінің азаматтарына қатысты хабардар ету.
Сондай-ақ келісімде мемлекеттің егемендігіне, қауіпсіздігіне, заңнамасына немесе халықаралық міндеттемелеріне қайшы келетін жағдайларда сұрау салуларды орындаудан бас тарту көзделген.
Заңның күтілетін нәтижелері – көші-қон және қос азаматтыққа қарсы іс-қимыл саласындағы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының құзыретті органдары арасындағы ынтымақтастық үшін құқықтық негіз құру, - деп атап өтті Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров.
Келісімді ратификациялау оны іске асыруда теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды, сондай-ақ қосымша қаржылық шығындарды талап етпейді.