Қазақстан Қытайдың құрамында болды ма?

Қазнетте Қытайдың Табиғи ресурстар министрлігі жариялаған карта тарады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оған сәйкес, Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан елдерінің бір бөлігі, сондай-ақ Моңғолия, Қырғызстан және Қиыр Шығыс Қытайдың бір бөлігі делінген. Бұл не? Анықтайық.

Stopfake.kz сайтының мәліметінше, карта суреттерді кері іздеуге арналған құралдың көмегімен табылды. Желінің ресейлік сегментінде ол алғаш рет 2015 жылдың мамыр айында Fakomonic Twitter аккаунтында жарияланды. Ол кезде карта мектеп оқулығынан алынған деп жазылған.

2023 жылдың наурызында карта желінің орыс тілді сегментінде қайта тарала бастады, бірақ енді онда оның Қытайдың Табиғи ресурстар министрлігінде 2023 жылғы 6 ақпанда «Ашық карталардағы мазмұнды көрсету нормалары» аясында әзірленгені айтылған. Қытай тілінде осылай аталатын нормативтік актіні іздегенде ештеңе шықпады, - делінген хабарламада.

Қытайдың Табиғи ресурстар министрлігінің ресми сайтында картографиялық технологияларды сараптау орталығының парақшасы бар. Онда Орталық Қытайдың 269 картасын шығарғаны жазылған. Оларды сол парақшадан жүктеп алуға болады. Бірақ ешқайсысы қазнетте тараған картаға ұқсамайды.

Сондай-ақ, таралған картада қытай тілінде «Цин әулетінің басындағы Қытай карталары» деген жазу бар екенін айта кеткен жөн.

Қытайдың желіде жарияланған сол замандағы карталары (1644 жылдан бастап) таралған суретке сәйкес келеді.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде, таралған карта тарихи жәдігер және онда Қытайдың Цин әулеті заманындағы шекаралар көрсетілген деген қорытынды жасауға болады. Желінің орыс тілді сегментінде ол 2015 жылдан бастап әртүрлі контекстерде тараған. Қытай Табиғи ресурстар министрлігінің сайтында карта жарияланбаған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы