Қазақстан Қытайдан жанармай импорттау мүмкіндігін қарастырып жатыр
Импорттық кедендік баж нөлге дейін төмендетіліп, ішкі нарықты тұрақты қамтамасыз ету үшін жанармай экспортына қойылған шектеулер сақталады.
Қазақстан Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарына жасалған ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылдарынан кейін туындауы мүмкін жанармай тапшылығының алдын алу үшін үшінші елдерден отын импорттауды көздеп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Сенатта өткен брифингте Сауда және интеграция вице-министрі Жанел Күшікова мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі жағдайда елдің ішкі нарығын тұрақты қамтамасыз ету басты назарда.
Қалыптасқан ахуалды ескере отырып, бүгін Еуразиялық экономикалық комиссия аясында импорттық кедендік бажды төмендету туралы шешім қабылдап жатырмыз. Бұл үшінші мемлекеттерден, ең алдымен Қытайдан жанармай жеткізуді ынталандыруға мүмкіндік береді, – деді вице-министр.
Оның сөзінше, Қазақстаннан жанар-жағармайды сыртқы нарыққа шығаруға қатысты шектеулер де өз күшінде қалады. Бұл талаптар қазірдің өзінде қолданылады және әр алты ай сайын қайта ұзартылып отырады.
Журналистер Қытайдан нақты қанша көлемде жанармай импортталатынын сұрағанымен, вице-министр әзірге нақты санды атай алмады.
Қазақстанға тек ішкі сұранысты қамтамасыз етуге қажетті көлем ғана жеткізіледі. Импорттық кедендік баж нөлдік мөлшерлемеге дейін төмендетіледі. Ал оның қазіргі мөлшері әлемдік мұнай бағасына байланысты арнайы формула бойынша есептеледі, – деді ол импортталатын жанар-жағармайдың құны туралы сауалға жауап бере отырып.
Соңғы уақытта Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарына жасалған дрон шабуылдарының саны артқан. Соның салдарынан көрші елдің бірқатар өңірінде, әсіресе Қырымдағы жанармай құю бекеттерінде отын тапшылығы байқала бастаған.
Осы жағдайға байланысты Ресей авиациялық керосин экспортын шектеп, жанар-жағармай жеткізу мәселесі бойынша Қазақстаннан көмек сұраған.
Айта кетейік, сарапшы Меруерт Махмұтова АИ-92 бағасы Ресейдегі жағдайға байланысты өсе беруі мүмкін екенін айтқан еді.
Тағы оқи отырыңыз: Бензин неге қымбаттап жатыр? Энергетика министрі түсіндірді