СІМ-де Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшісі Чжан Сяоны қабылдады.

Тараптар Қазақстан және Қытайдың түрлі халықаралық алаңдарда және көпжақты құрылымдар аясындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылап, халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер бойынша екі елдің ұстанымдарының ұқсастығын атап өтті.

Кездесуде сондай-ақ сауда-экономикалық ынтымақтастық, атап айтқанда, отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытайдың кең нарығына жылжыту мәселелері талқыланды. Қазақстан ауыл шаруашылығы органикалық өнімдері экспортының көлемін ұлғайту бойынша үлкен әлеуетке ие.

Қазіргі уақытта Қазақстан және Қытай арасында қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін ҚХР-ға экспорттау бойынша 14 үкіметаралық рұқсат беру құжаттарына қол қойылды.

Келіссөздер барысында инвестицияларды тарту және экспортты ілгерілетуді үйлестіру жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру аясында сауда саласын кеңейту, құрылымды оңтайландыру және сауда ауқымын ұлғайту, сондай-ақ Қазақстан және Қытай арасындағы саудадағы жоғары технологиялық өнімдердің үлесін арттыру мәселелерін реттеу жолымен екіжақты тауар айналымын арттыруға ерекше назар аударылды.

Бұдан бөлек, тараптар екі мемлекет басшыларының бастамасы бойынша іске асырылатын ірі бірлескен инвестициялық жобалардың бірі болып табылатын «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығын одан әрі дамыту қажеттігін атап өтті.

Анықтама: Қытай Қазақстанның ірі сыртқы сауда серіктестерінің бірі болып қалуда, оның Қазақстанның жалпы тауар айналымындағы үлес салмағы 2018 жылы 15,7% (11,7 млрд оның ішінде 6,3 млрд. - қазақстандық экспорт және 5,4 млрд. - Қытайдан импорт).

Ұлттық банктің мәліметтері бойынша, Қытай Қазақстанға тартылған шетелдік инвестициялар бойынша 4-ші орында тұр және тартылған қытай капиталының көлемі 2018 жылға дейін 15,6 млрд АҚШ. Негізінен ҚХР көлік және қоймалау, тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және қаржы және сақтандыру қызметтері сияқты салаларға инвестиция құяды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы