Қазақстан – Қытай: Теміржол арқылы жүк тасымалы 11%-ға өсті
"Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ-да ҚТЖ Басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чунлинмен кездесті. Бұл туралы ҚТЖ баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Қытай арасындағы көліктік-логистикалық ынтымақтастықты дамытуға қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Негізгі назар теміржол тасымалы көлемін арттыруға, шекаралық өткелдердегі кедергілерді азайтуға және екі елдің түйісу нүктелеріндегі өзара іс-қимылды үйлестіруге аударылды.
Атап айтқанда, келесі бағыттар бойынша ұсыныстар қаралды:
- екіжақты жүк тасымалы көлемін ұлғайту;
- шекарада пойыздардың кідірісін қысқарту;
- Қазақстаннан Қытайға астық тасымалдау рәсімдерін жеңілдету;
- инфрақұрылымды дамыту және Алашаңқай – Достық учаскесінде екінші жолдардың құрылысын іске қосу;
- Бақты – Тачен жаңа теміржол желісін және жүк номенклатурасын талқылау.
Тараптар көлік саласындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуға бейілділігін растады. Бірлескен жұмыс Қазақстан мен Қытай арасында тұрақты әрі тиімді көлік дәлізін қалыптастыруға мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Кездесуде Қазақстанның Шығыс пен Батысты байланыстыратын сенімді құрлық көпірі ретіндегі рөлі ерекше аталды. Бұл Қытайға Еуропа, Таяу Шығыс және Каспий өңірі нарықтарына тұрақты қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
2025 жылы екі ел арасындағы теміржол арқылы тасымал көлемі 11%-ға өсіп, 35,6 млн тоннаға жеткен.
Сонымен қатар, Транскаспий халықаралық көлік бағытының (ТХКБ) дамуына да айрықша мән берілді. 2025 жылы бұл бағыт бойынша контейнерлік транзит 36 мың ЖФБ-ны құрап, 15% өсім көрсетті.