Қазақстан Қытай компанияларына қолайлы жағдай жасауға дайын – Президент

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ-қа жасаған бірлескен мәлімдемесінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Тоқаев Ақордадағы келіссөздер кезінде ҚХР төрағасымен бірге бірлескен мәлімдемелерге қол қойғанын атап өтті.

Құжатта екі ел қатынастарының жетістіктері және алдағы жоспарлары кеңінен қамтылған. Қытай - Қазақстанның басты сауда серіктесі. Былтыр елдеріміз арасындағы сауда көлемі 41 млрд доллар болды. Алдағы уақытта тауар айналымын еселей түсеміз. Оған әлеуетіміз жеткілікті. Қытай - біздің шетелдік инвесторымыздың бірі. Соңғы 15 жылда бұл елден Қазақстанға 25 млрд долларға жуық инвестиция тартылды, - деді Президент.

Тоқаевтың сөзінше, былтыр Қазақстан экономикасына құйылған Қытай инвестициясының көлемі 16 пайызға өскен.

Бұл көрсеткішті ұлғайтуға екі тарап та мүдделі. Бүгінде құны 14,5 млрд доллар болатын 45 жоба жүзеге асырылып жатыр. Жалпы Қытай капиталының үлесі бар кәсіпорындар саны 4700-ден асады. Біз өзара тиімді инвестициялық жобаларды одан әрі жүзеге асырудың маңызын атап өттік. Нақтырақ айтқанда, энергетика, инфрақұрылым, ауылшаруашылығы, өндіріс, қаржы, көлік, аэроғарыш өнеркәсібі және IT салаларына тоқталдық. Қазақстан өз нарығына кіруге ниетті Қытай компанияларына қолайлы жағдай жасауға дайын, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы