Қазақстан қыстың қамына кірісті: Қанша мал азығы дайындалды?
Министрлік өңірлердегі жұмысты тұрақты бақылауда ұстап отыр.
Қазақстанда мал азығын дайындау науқаны қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі таңда өңірлерде 9,1 миллион тоннадан астам жем-шөп әзірленіп, алдағы қысқы маусымға қажетті қор кезең-кезеңімен қалыптасуда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Облыс әкімдіктерінің жедел мәліметіне сәйкес, бүгінге дейін 8,3 млн тонна пішен, 850 мың тонна пішендеме және 35 мың тоннадан астам сүрлем дайындалған.
Биылғы қысқа дайындық аясында Ауыл шаруашылығы министрлігі облыс әкімдіктерімен бірлесіп мал азығын дайындаудың жоспарлы көлемін бекітті. Жоспарға сәйкес, 2026–2027 жылғы қыстату кезеңіне дейін:
- 25,7 млн тонна пішен;
- 2,3 млн тонна пішендеме;
- 2,8 млн тонна сүрлем;
- 4,8 млн тонна сабан;
- 5,7 млн тонна құнарландырылған жем әзірлеу көзделіп отыр.
Жем-шөп қорын көбейту үшін биыл мал азықтық дақылдардың егіс көлемі де ұлғайтылды. Атап айтқанда, олардың алқабы 3,32 млн гектардан асып, өткен жылмен салыстырғанда 243 мың гектарға көбейді. Нәтижесінде жалпы егістік құрылымындағы мал азықтық дақылдардың үлесі 14 пайызға жетті.
Министрлік өңірлердегі жұмысты тұрақты бақылауда ұстап отыр. Осы мақсатта жедел штаб отырыстары өткізіліп, жемшөп дайындау барысы, өңірлердің дайындығы және қыс мезгілінде мал шаруашылығын толық азықпен қамтамасыз ету мәселелері қаралады.
Мал шаруашылығын жеммен қамтамасыз етуде «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» да маңызды рөл атқарады. Компания 1 қыркүйекке дейін құс және мал шаруашылығы кәсіпорындарына жемдік астықты белгіленген бағамен сатуды жалғастырады.
Осы мақсатта 201,3 мың тонна жемдік астық қоры қалыптастырылған. Оның 21,7 мың тоннасы қазірдің өзінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге өткізілген.
Сонымен қатар елдегі құрама жем өндірісі де кеңейіп келеді. Қазіргі уақытта Қазақстанда 76 құрама жем зауыты жұмыс істейді. Олардың қатарында ірі кәсіпорындармен бірге құс фабрикалары мен мал шаруашылығы кешендерінің жанындағы өндірістік цехтар да бар. Барлық зауыттың жылдық жиынтық өндірістік қуаты шамамен 4 млн тоннаны құрайды.