Қазақстан құс етін Қытай нарығына шығармақ

Қазақстан қазір өзін отандық құс етімен 72%-ға қамтамасыз етіп отыр. Бұл көрсеткіш 1-2 жылда 100%-ға жеткізілмек, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров құс етіне қатысты жоспарды сұрады.

Әлихан Асханұлы, Қазақстанның құс шаруашылығына шүйліккеніңіз барлығымызды алаңдатып отыр. Бұл жұмыстың нәтижесі цифр емес, оның нәтижесі дүкендегі сөре. Бүгін сол сөреде Қазақстанның құс өнімі пайда болды. Соны барлығымыз аузымызды толтырып айтып жүрміз. Жақында Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин енді Қазақстанды да толтырмаймыз, біз оны шетелге шығарамыз деді. Мен негізі осы тезиспен келісемін. Біздің елімізде шаш ал десе, бас алатындар бар. Сіздің мынау сөзіңізден кейін ертең елімізде құс шаруашылығын тағы жоғалтып алмаймыз ба деген сұрақ туындайды. Екіншіден, Үкіметтің мүшелері отыр. Біз Қазақстанның құсын шетелге әрі қарай шығару үшін қандай нақты қадамдарға барамыз? – деді депутат.

Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов субсидиялаудың тиімділігін әрі қарай жоғарылату керегін атап өтті.

Құс етін өндірушілердің жұмысы өте маңызды. Ішкі нарықты толығымен отандық құс етімен қамтамасыз ету өте маңызды міндет. Бұл жұмысты әрі қарай жалғастыруымыз керек. Біз бұл қаражатты қысқарту керек деп отытрған жоқпыз. Біздің айтып отырғанымыз осы субсидиялаудың тиімділігін әрі қарай жоғарылату керек. Яғни қарсы міндеттемелерді қойып, барлық жағдайды жасау керек деп отырмыз. Сол себепті бұл бағыттағы жұмысты әрі қарай жалғастырып, тиімділікті әрі қарай көтеру керек, - деп түсіндірді ол.

Ал Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Қазақстан құс етін Қытайға экспорттауды жоспарлап отырғанын айтты.

Қазір өзімізді құс етімен 72%-ға қамтамасыз етеміз. 1-2 жылдың ішінде бұл көрсеткішті 100%-ға жеткізіп, экспортқа шығамыз. Бұл рас. Мен мұндай сөзді айттым. Қазір бұл салаға барынша қолдау көрсетіп жатырмыз. Бүгінде 31 жоба бар. Оның ішінде 10 шақтысы ірі жоба. Мысалы, Aitas жаңа құс фабрикасын салып жатыр. Бірінші кезегі 120 мың тонна, екінші кезеңі 240 мың тонна. Басқа да компаниялар құс фабрикаларын салып жатыр. Мысалы, Жамбыл облысында. Оның барлығын қолдаймыз, - деді ол.

Үкімет мүшесі атап өткендей, субсидияның басты мақсаты – шығаратын өнімнің құнын азайту. Егер құнын азайтсақ, онда бәсеке жоғары болады.

Жалпы айтқанда, оның басқа мақсаты жоқ. Себебі оның құнында әртүрлі витамин бар. Ал олар шетелден әкелінеді. Ол өте қымбат зат. Қалай басқа нарыққа шығарамыз? Ол өте үлкен жұмыс. Біздің басты нарығымыз – ол Қытай. Құс етінің барлығын нарыққа шығару үшін оны шетелдік реестрге кіргізуіміз керек. Ол ұзақ жұмыс. Басынан аяғына дейін бір жыл кетеді. Біз жолдың біразынан өттік. Қазір енді олардың инспекциялары келіп, біздің құс фабрикаларымыздың тексеріп, реестрге кіргізсе, онда жұмыс аяқталады, - деп атап өтті Жұманғарин Мәжілісте.

Бүгін Мәжілісте "Ауыл шаруашылығын субсидиялауға бөлінген мемлекет қаражатын пайдаланудың тиімділігі туралы" Жоғары аудиторлық палатаның есебі талқыланып жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы