Қазақстан құрамасының ресми спорттық киімі сатылымға шықпаған – Спортты дамыту дирекциясы
Егер контрафактілік өнім белгілері анықталса, материалдар әділет және құқық қорғау органдарына жолданады.
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы әлеуметтік желілерде Қазақстан ұлттық құрамасының нышандары бейнеленген спорттық киімдердің сатылуына қатысты мәлімдеме жасады.
Дирекцияның хабарлауынша, Under Armour компаниясының ақпаратына сәйкес, Қазақстан ұлттық құрамасының ресми спорттық киім жиынтығы қазіргі уақытта өндіріліп, сатылымға шығарылған жоқ. Ал брендтің ресми дүкендерінде тек түпнұсқа Under Armour өнімдері ғана сатылады.
Осыған байланысты әлеуметтік желілерде ұлттық құраманың ресми экипировкасы ретінде ұсынылып жүрген өнімдер ресми спорттық киім болып саналмайды. Сондай-ақ мұндай тауарлардың түпнұсқа өнімдерден әлдеқайда төмен бағамен ұсынылуы олардың сапасы мен түпнұсқалығына күмән тудырады.
Спортты дамыту дирекциясы азаматтарды белгісіз сатушылардан тауар сатып алмауға шақырып, спорттық киімдерді тек Under Armour компаниясының ресми сауда орындарынан алуға кеңес берді.
Сонымен қатар мекеме аталған өнімнің өндірушісі, сатушысы немесе тауар белгісінің құқық иеленушісі емес екенін атап өтті. Өнімнің түпнұсқалығы мен зияткерлік меншік құқықтарына қатысты мәселелер заңнамаға сәйкес құқық иеленуші мен уәкілетті мемлекеттік органдардың құзыретіне жатады.
Дирекция Under Armour компаниясына ресми хат жолдап, тауар белгісі мен өнеркәсіптік үлгінің құқықтарын қорғау бойынша тиісті шаралар қабылдауды сұрайтынын мәлімдеді. Егер контрафактілік өнім белгілері анықталса, материалдар әділет және құқық қорғау органдарына жолданады.