Қазақстан құрамасының ойыншысы Қытайдағы төбелесі үшін жазаланды
Әлихан Әсетов «Амурға» қарсы матчтан шеттетілді.
«Барыс» ойыншысы, Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы Әлихан Әсетов ҚХЛ аясындағы «Шанхай айдаһарларына» қарсы ойында төбелескені үшін бір ойыннан шеттетілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Елордалық клубтың шанхайлық командамен өткен матчы Қытайда жанкүйерлер алдында өткізілген екі ойынның бірі болды. Үшінші кезеңде Әсетов Уайатт Калинюкпен төбелесіп, нәтижесінде екі хоккейші де 5 минуттық айып алды.
Бүгін «Барыс» хабаровскілік «Амурға» қарсы ойын өткізеді. Ал ойынға Әлихан Әсетов қатыспайды, ол маусымдағы үшінші төбелесі үшін бір матчқа дисквалификация алды.
ҚХЛ-ның тәртіптік регламенті 29-бабының 4.4-тармағына сәйкес, егер ойыншы төбелес үшін үшінші және одан кейінгі әрбір ірі айыппен (5 минут) жазаланса, ол бір матчтық дисквалификация мен жеке айыппұл алады. Осылайша, «Барыс» шабуылшысы Әлихан Әсетов «Шанхай айдаһарларына» қарсы ойында маусымдағы үшінші төбелесі үшін командасының «Амурға» қарсы келесі матчына қатыспайды, - деп хабарлады «Барыс» сайты.
Еске салайық, бұған дейін Шымкентте футболшылар төбелесіп, екі ойыншы ауруханаға түсті.