Қазақстан құрамасы Универсиаданы жеңіспен бастады

АҚШ-қа жұмыс сапары аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ХХХІ Дүниежүзілік қысқы Универсиадасының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, әлемнің 50 елінен студенттер қатысып жатқан спорттық жарыс АҚШ-тың Лейк-Плэсид қаласында өтуде.

Жарыс алдында министр Саясат Нұрбек жас спортшыларға сәттілік тіледі.

Спорттағы сәттілік тек еңбекпен және күш-жігермен бірге келеді. Сондықтан сіздерге шыдамдылық, ішкі шабыт және жеңіске деген мызғымас сенімділік тілеймін. Біздің құрама еліміздің намысын лайықты түрде қорғай алатынына сенімдімін, - деп атап өтті министр.

Бүгін қысқы Универсиададағы алғашқы ойынды Қазақстанның хоккейден ерлер құрамасы бастады. Оңтүстік Корея құрамасына қарсы бастапқы матчта біздің хоккейшілер 5:1 есебімен жеңіске жетті. Қазақстан құрамасының мүшелері: Алдияр Нұрлан, Максим Мусоров, Кирилл Полохов және Максим Мұхаметов қарсыластың қақпасына шайба салды. Хоккей құрамасы Қазақ спорт және туризм академиясының студенттерінен тұрады. Қазақстандықтар В тобында өнер көрсетеді, онда Ұлыбритания, Мажарстан, Словакия және АҚШ командаларына қарсы ойнайды.

Естеріңізге сала кетсек, Қазақстанның намысын спорттың он түрінен 78 спортшы қорғайды. Студенттер биатлон, сноу­борд, шаңғы, тау шаңғысы, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, шаңғы қоссайысы, коньки, шаңғымен трамплиннен секіру және шайбалы хоккей секілді спорт түрлерінен бақ сынайды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы