Бүгiн 2026, 15:18 Фото: Telegram/qaztkd

Қазақстан құрамасы таеквондодан Азия чемпионатында төрт қола медаль жеңіп алды

Құрлықтық додада қазақстандық спортшылар жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Ұлан-Батыр қаласында таеквондодан Азия чемпионаты аяқталды. Жарыстың соңғы күнінде қазақстандық спортшылар жүлдеге іліге алмады.

68 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Сұлтанбек Орынбек алғашқы кездесуінде Бахрейн өкілі Абдулла Алдосериді сенімді түрде жеңді. Алайда келесі белдесуінде иорданиялық Зайд Каремге есе жіберіп, жарысты аяқтады.

80 келіге дейінгі салмақта Қазақстан намысын Мерген Ғаниев пен Батырхан Төлеуғали қорғады. Екі спортшы да алғашқы жекпе-жектерінде жеңіске жетіп, ширек финалға шықты. Ғаниев оңтүстіккореялық Пак Жунсанды жеңсе, Төлеуғали үндістандық Акшай Хадыдан басым түсті.

Дегенмен қазақстандықтар келесі кезеңге өте алмады. Ширек финалда Төлеуғали ирандық Амир Реза Аббасалиге жол берді. Ал Ғаниев Оңтүстік Кореяның тағы бір өкілі, жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері әрі әлем чемпионатының жүлдегері Со Гон Уға есе жіберді.

Әйелдер арасындағы бәсекеде Тоғжан Қазынабек (57 кг) әуелі бахрейндік Ханан Альшурукиді, кейін моңғолиялық Бату Золжаргалды жеңіп, ширек финалға шықты.

Жартылай финал жолдамасы үшін өткен кездесуде Қазынабек өзбекстандық Мадина Мирабзаловаға қарсы шықты. Тартысты өткен жекпе-жекте 2:1 есебімен өзбекстандық спортшы жеңіске жетті. Бұл Тоғжан Қазынабектің ересектер арасындағы алғашқы Азия чемпионаты болды.

Ал Камила Аймұқашева (62 кг) ширек финалға шығу үшін өткен кездесуде қытайлық Дай Цзунъюаньнан жеңіліп, жарысты аяқтады.