Қазақстан құрамасы пара дзюдодан Азия чемпионатында 14 медаль жеңіп алды
Астанада пара дзюдодан Азия чемпионатының жекелей сайыстары өз мәресіне жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
11 елдің 100-ден астам спортшысы J1 (көзі мүлдем көрмейтін) және J2 (көзі нашар көретін спортшылар) санаты бойынша өзара мықтыны анықтады. Жекелей сайыс нәтижесінде Қазақстан құрамасы жалпы командалық медаль кестесінде 4 алтын, 4 күміс, 6 қоламен екінші орынға жайғасты. Бірінші орында Өзбекстан (4 алтын, 6 күміс, 3 қола), үшінші орында 3 алтын, 2 қоламен Иран.
Қазақстан құрамасы Азия чемпионатын жоспарлағанымыздай сәтті аяқтады. Десе де, біз үшін Азия чемпионаты аяқталды деп айтуға әлі ерте. Ертең командалық жарыста бақ сынаймыз. Жекелей сайыс бойынша құрама жоспарды толық орындады. Азия чемпионатында жеңімпаз және жүлдегерлер атанған спортшылардың басым бөлігі құрамаға биыл қосылған жас балуандар, - дейді Қазақстан құрамасының бас бапкері Жандос Қиянов.
Қазақстан пара дзюдо федерациясының баспасөз қызметі хабарлауынша, 30 сәуір Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында Азия чемпионатының командалық жарысы өтеді. Командалық жарысқа ерлер арасында алты, әйелдер арасында үш құрама қатысады.