9 Қазан 2026, 08:50 Фото: Қазақстан футбол федерациясы

 «Қазақстан құрамасы мұндай төмен нәтиже көрсетпеуі тиіс»: ҚФФ бас хатшысы мәлімдеме жасады

Іріктеу кезеңі аяқталған соң ұлттық құраманың дайындығы, кадрлық шешімдер, жаттығу процесі мен бапкерлер штабының жұмысы сарапталады.

Қазақстан футбол федерациясының Бас хатшысы Скотт Манн ұлттық құраманың соңғы ойындағы нәтижесін сынға алып, іріктеу кезеңі аяқталғаннан кейін команда жұмысына және футболшыларды даярлау жүйесіне кешенді талдау жүргізілетінін мәлімдеді.

«Соңғы ойындағы нәтиже біз үшін мүлдем сын көтермейді. Біз мұны қалыпты жағдай ретінде қабылдамаймыз және Қазақстан ұлттық құрамасы мұндай төмен нәтиже көрсетпеуі тиіс деп санаймыз. Жанкүйерлердің ренішін толықтай түсінеміз және онымен келісеміз», – деді ол.

Манн федерацияның отандық футболды дамытуға және ұлттық құрамаға қатысты шешімдерге тікелей жауапты екенін атап өтті. Оның айтуынша, команда іріктеу кезеңінің қалған екі матчында – Молдовамен сырт алаңда және Словакиямен Астанада кездеседі.

«Біз бұл ойындарды өткізіп, жағдайға адал баға беріп, содан кейін ғана жүйелі шешімдер қабылдауымыз қажет», – деді федерация бас хатшысы.

Іріктеу кезеңі аяқталған соң ұлттық құраманың дайындығы, кадрлық шешімдер, жаттығу процесі мен бапкерлер штабының жұмысы сарапталады. Сонымен қатар U-15-тен U-21-ге дейінгі жасөспірімдер мен жастар құрамаларын даярлау жүйесі де тексеріледі.

«Біз үшін қазір не болып жатқанын ғана емес, бұл жағдайға қалай тап болғанымызды түсіну өте маңызды. Бұл өте ауқымды әрі кешенді талдау болмақ. Оның қорытындысы бойынша нақты шешімдер қабылданады», – деп атап өтті Манн.

Ол федерация футболды дамыту үшін қатаң шешімдер қабылдауға дайын екенін жеткізді. Бас хатшы ұлттық құраманың басты стратегиялық мақсаты Еуропа чемпионатына шығу екенін айтып, келесі іріктеу кезеңіне дайындықты қазірден бастау қажеттігін мәлімдеді.

«Жанкүйерлердің сенімі құр сөзбен емес, нақты нәтижемен ақталатынын жақсы түсінеміз. Сондықтан бүгін құрғақ уәде бергім келмейді», – деді Скотт Манн.