Қазақстан қоржынына тағы үш медаль түсті: Азия ойындарындағы күн қорытындысы
Қазақстандық спортшылар бір күміс, екі қола медаль жеңіп алды. Жалпы медаль саны – 48
Қазақстан қоржынына күміс медальді биіктікке секіруден Кристина Овчинникова салды. Қазақстандық жеңіл атлет финалда 1,87 метр биіктікті бағындырды. Алтын медальді 1,90 метр нәтижемен Өзбекстан өкілі Барнохон Сайфуллаева иеленді. Бұл туралы Ұлттық Олимпиада комитеті хабарлады.
Арайлым Шегенова кураштан 87 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Оңтүстік Корея өкілі Ким Мин Ёнмен белдесті. Жеңіс кореялық спортшыға бұйырды. Нәтижесінде Арайлым Шегенова Азия ойындарының қола жүлдегері атанды.
Қазақстанның ерлер құрамасы стенд атудан командалық трап сайысында тағы бір қола медаль жеңіп алды. Даниил Почивалов, Әлішер Айсалбаев және Марк Почивалов 348 ұпай жинады. Бірінші орынды 355 ұпаймен Кувейт құрамасы иеленсе, 349 ұпай жинаған Қатар командасы күміс жүлдеге қол жеткізді.
Боксшы Айбек Оралбай 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде финалға шықты. Жартылай финалда қазақстандық спортшы Үндістан өкілі Нарендерді жеңді.
Енді Айбек Оралбай 2026 жылғы 2 қазанда алтын медаль үшін жұдырықтасады.
Ауыр атлет Любовь Ковальчук жүлделі орынға бір табан жетпей қалды. Ол жұлқа көтеруде 115 келіні, серпе көтеруде 152 келіні бағындырды. Қоссайыс қорытындысы бойынша 267 келі көтерген қазақстандық спортшы төртінші орынға тұрақтады.
Қазақстанның ерлер арасындағы су добынан ұлттық құрамасы Азия ойындарының жартылай финалына жолдама алды. Ширек финалда қазақстандықтар Оңтүстік Корея құрамасын 18:14 есебімен жеңді.
Волейболдан Қазақстанның ерлер құрамасы да жарысты жалғастырып жатыр. Топтық кезеңдегі кездесуде қазақстандықтар Өзбекстан командасынан 3:1 есебімен басым түсті.
Тректегі велоспорттан Қазақстан құрамасы финалға шықты. 2026 жылғы 30 қыркүйекте қазақстандық спортшылар Оңтүстік Корея құрамасымен кездеседі.
Қазір Қазақстан құрамасының қоржынында 48 медаль бар. Оның 9-ы – алтын, 14-і – күміс, 25-і – қола. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан сегізінші орында тұр.