Қазақстан қоржынына алғашқы жүлде: триатлоншы Арлан Жанабай қола медаль алды
Ерлер арасындағы триатлон жарысында қазақстандық спортшы Арлан Жанабай қола жүлдегер атанды. Ол жарыс қашықтығын 53:11 нәтижесімен бағындырды.
Қазақстан құрамасы Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында алғашқы медалін жеңіп алды.
Ерлер арасындағы триатлон жарысында қазақстандық спортшы Арлан Жанабай қола жүлдегер атанды. Ол жарыс қашықтығын 53:11 нәтижесімен бағындырды.
Жарыста жапониялық Такуми Ходзе 52:56 көрсеткішімен жеңіске жетсе, Қытай спортшысы Чжан Сижуй 53:05 нәтижесімен күміс медаль иеленді. Қазақстанның тағы бір өкілі Аян Бейсенбаев жарысты тоғызыншы орынмен аяқтады.
Осылайша, ерлер арасындағы триатлоннан жеңіп алған қола медаль Қазақстан құрамасының Азиада-2026 ойындарындағы алғашқы жүлдесі болды.
Арлан Жанабай жарыс алдында бұдан да жоғары нәтиже көрсетуді жоспарлағанын айтты.
Өте қуаныштымын. Жарыстың басында жоғары орын үшін күресуді жоспарлаған едім, бірақ сәл сәті түспеді. Нәтижесінде Өзбекстан спортшысымен үшінші орын үшін таласуға тура келді. Бар күшімді салдым. Өте қиын болды. Мәре сызығында тіпті көзім қарауытып кетті. Дегенмен жүлдегер атана алғаныма қуаныштымын, – деді Арлан Жанабай марапаттау рәсімінен кейін.
Спортшының айтуынша, велокезеңнен кейін алдыңғы топты қуып жетуге тура келген. Топқа қосылған соң, жүлдеге таласуға мүмкіндігі бар екенін түсінген.
Трасса аса қолайлы болмады. Бұрылыс пен кері бұрылыс көп болды. Велокезеңнен кейін жүгіру алдында аяқтарым әбден шаршады. Дегенмен жақсы дайындалдық, спорттық бабымыз жоғары болды. Сондықтан нәтижеме көңілім толады. Әрине, жеңіске жеткім келді, бірақ үшінші орынға да өте қуаныштымын. Ең қиыны жүгіру кезеңі болды, әсіресе соңғы 500 метр. Қарсыластар өте мықты еді. Қызу тартыста үздік үштіктен көріне алдық, – деді спортшы.