Қазақстан Қорғаныс министрі Беларусьте ресми сапармен жүр
Қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов Минскіге Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлері кеңесі, Қорғаныс министрлері кеңесі, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы мүшелері - мемлекеттер қауіпсіздік кеңестері хатшылары комитетінің бірлескен отырысына қатысу үшін барды.
Бұл туралы BAQ.KZ ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Орталық офицерлер үйінде екі елдің қорғаныс министрлері генерал-полковник Руслан Жақсылықов пен генерал-лейтенант Виктор Хрениннің кездесуі өтті.
Оның қорытындысы бойынша Қазақстан мен Беларусь қорғаныс ведомстволарының басшылары қорғаныс министрліктері арасындағы 2024 жылға арналған ынтымақтастық жоспарына қол қойды.
Генерал-полковник Руслан Жақсылықов әскери ынтымақтастық саласындағы Қазақстан-Беларусь қатынастарының деңгейі артып келе жатқанын алға тартты.
Қазақстан тыныштықты жақтайтын мемлекет ретінде бейбітшілікті сақтауға, әрі ҰҚШҰ-ның жауапкершілік аймағындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде бірлескен жұмыстарға мүдделі, – деп атап өтті ол.
Қазақстан Қорғаныс министрі «Жеңіс» монументіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.
Осы күні Беларусь Республикасы әскери академиясының Қарулы Күштері Бас штабының факультетінде брифинг өтті. Онда қазақстандық делегация оқу орнының әскери кадрларын даярлау құрылымымен, міндеттерімен және жүйесімен танысты.
Қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов Беларусь әскери академиясында оқитын қазақстандық әскери қызметшілермен де кездесті. Ол білім беру бағдарламаларының мазмұнына, оқу процесіне және әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне арналған тұрмыстық жағдайларға да назар аударды.