Қазақстан Қарулы күштерінің генерал-майоры қайтыс болды
Қазақстан Қарулы күштерінің ардагері, генерал-майор Алмасбек Әбдірахманов 85 жасына қараған шағында дүниеден өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алмасбек Сейітұлы 1939 жылы Алматы қаласында туған. Ол Рязань әскери автомобиль училищесінің курсантынан бастап, Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Бас штабы бастығының орынбасары – Ұйымдастыру-жұмылдыру басқармасының бастығына дейінгі жолдан өтті.
1968 жылы Ленинград Тыл және көлік академиясын үздік бітірді. Қызметін стратегиялық мақсаттағы зымыран әскерлерінде өтеді.
Әр жылдары Алматы қаласы Әуезов ауданының және Орал облысының әскери комиссары болып қызмет істеді. Тәуелсіз Қазақстан Қарулы күштерінің жаңа штаттық құрылымын құруға қатысты.
1989 жылы полковник Алмасбек Әбдірахмановқа генерал-майор жоғары әскери атағы берілді. Запасқа шыққаннан кейін Алмасбек Әбдірахманов "Генералдар кеңесі" РҚБ төралқа мүшесі болды.
ҚР Қорғаныс министрлігінің басшылығы марқұмның туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтады. Алмасбек Сейітұлының жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады, - делінген хабарламада.