Қазақстан Қарулы күштерінің Десанттық-шабуылдау әскерлеріне – 24 жыл
2000 жылғы алтыншы шілде – әрбір қазақстандық десантшы үшін айтулы күн. Бұл күні Ел Президенті – Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы 35-ші гвардия бригадасында Мобильді күштер құру туралы Жарлыққа қол қойды, кейін олар Аэроұтқыр әскерлері болып қайта құрылды.
2017 жылы Десанттық-шабуылдау әскерлері болып аталып, қайта жасақталды. Ал 2022 жылдың соңында олар Құрлық әскерлерінің құрамынан шығарылды. Жеке құрама ретінде олар ел Қарулы күштерінің Бас штаб бастығына тапсырылды.
Бүгінде генерал-майор Алмаз Жұмакеев басқарған Десанттық-шабуылдау әскерлері қарқынды дамып келеді. Өткен жылы олардың құрылымында маңызды өзгерістер болды. Жеке құрам саны 40%-ға артты, әскери бөлімдер мен құрамалар штаттарына тау роталары, ұшқышсыз басқарылатын авиациялық жүйелер роталары, радиоэлектронды барлау бөлімшелері және басқа да жаңа бөлімшелер кірді.
Әскерлердің тұрақты жауынгерлік дайындығын сақтауға бағытталған жауынгерлік даярлықтың қарқындылығы айтарлықтай өсті. Осыған байланысты бөлімшелерді, әскер тектері мен қызмет бастықтарын оқытудың барлық бағдарламалары қайта пысықталды.
2023 жылы әскерлерде 7 мыңға жуық маман даярланды, 6 мыңнан астам парашютпен секіру, 21 тоннадан астам жүктерді десанттау орындалды, 70 роталық және батальондық тактикалық жаттығулар өткізілді, бөлімшелер мен взводтардың 600-ден астам жауынгерлік атыстары, олардың 200-і түнде өтті, десантшылар 500-ге жуық рет далалық және жаяу жорықтарға шықты.
Көк беретті жауынгерлер өздерінің жоғары кәсіби шеберліктерін республикалық, ведомствоаралық және халықаралық оқу-жаттығулар барысында бірнеше мәрте дәлелдеді. Биылғы жылы ғана әскери қызметшілер Түркия Республикасындағы «Эфес» көпұлтты командалық-штабтық оқу-жаттығуына, Тәжікстанда өткен «Ирбис-2024» оқу-жаттығуына, Беларусьтегі парашют спорты және «Даңқ пен шеберлік» кәсіби сынақтары бойынша халықаралық чемпионатқа қатысып, бес қазақстандық десантшы үздік белгісіне лайық деп танылды.
Ел аумағында алда Беларусь әскери қызметшілерімен «Бауырластық шыңы», Әзербайжанның арнайы операциялар күштерімен «Алтын қыран» жаттығуларын және ҰҚШҰ бітімгерлік күштерімен «Мызғымас бауырластық-2024» командалық-штабтық оқу-жаттығуын өткізу жоспарлануда.
Ең күрделі міндеттерді орындау кезінде қазақстандық десантшылар далалық дағдылардың, іс-қимыл үйлесімділігі мен моральдық-жауынгерлік рухтың жоғары деңгейін үнемі көрсетіп келеді. Бұл қасиеттер биылғы көктемде Батыс Қазақстан облысында су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізу кезінде де байқалды.
11–30 сәуір аралығында десантшылар 30 шақырымға жуық су бөгеттерін тұрғызып, соның арқасында Бәйтерек, Теректі және Ақжайық аудандарының елді мекендері үлкен судан аман қалды. Бірнеше жыл қатарынан Десанттық-шабуылдау әскерлері ел Қарулы күштеріндегі әскер тектері арасында бірінші орынға ие болуы кездейсоқ емес.