Қазақстан Қарулы күштерінің бітімгерлері Ливандағы миссиядан оралды
Алматы әуежайында Таяу Шығыс еліндегі миссияны аяқтаған әскери қызметшілерді салтанатты қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
"БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштері" миссиясына қатысатын Үндістан Қарулы күштерінің бітімгерлік контингенті құрамында қазақстандық бітімгерлердің кезекті ротациясы жүргізілді.
Қазақстандық бітімгерлер БҰҰ-ның Ливандағы миссиясының "Шығыс" секторында орналасты. Олар БҰҰ мандаты аясында жаяу және мобильді патрульдеуді жүзеге асырды. Жол тосқауылдарының жұмысын ұйымдастырумен айналысты. Үнді контингентімен бірге басқа да міндеттерді орындады.
Ливанда біз үнді батальонының құрамында болдық. Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін нығайту үшін бәрін жасадық. Шығыс секторының қолбасшысы мен батальон қолбасшылығы біздің әскери қызметшілердің қызметі мен жауынгерлік даярлық деңгейін жоғары бағалады, – деп атап өтті бітімгерлік тобының командирі аға лейтенант Темірлан Күмісбеков.
Жақын арада бітімгерлер санаторлық-курорттық емделуден өтуі тиіс. Содан кейін олар тұрақты орналасқан жері бойынша қызмет атқаруға кіріседі.
Бүгінге дейін Үндістан бітімгерлік контингентінің құрамында 500-ден астам қазақстандық әскери қызметші Ливандағы миссияны орындауға қатысқанын атап өту керек.