Қазақстан Президентінің Жолдауы Әбу Даби қаласының басшылығына түсіндірілді
Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі алшісі Нажмедин Мұхаметәліұлы Әбу Даби муниципалитеті басшысының орынбасары Сайф Сұлтан әл-Насримен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ Сыртқы саяси ведомствоға сілтеме жасап.
Кездесу барысында Әбу Даби қаласының Астанамен Алматымен ынтымақтастыққа қатысты мәселелер талқыланды.
Сонымен қатар, қазақ дипломаты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауының мән-маңызына назар аудара отырып, осы бағдарламалық құжаттағы елімізді орнықты дамытуға бағытталған іс-шаралар жөнінде жан-жақты мәлімет берді.
Өз кезегінде Сайф Сұлтан әл-Насри Біріккен Араб Әмірліктері мен Қазақстан арасында берік ынтымақтастық орнағанын атап өтіп, екі елдің тығыз қарым-қатынасын одан әрі дамытуға ниетті екенін жеткізді. Сондай-ақ Әбу Даби қаласының Астанамен Алматымен байланыстарды өркендетуге, әсіресе ақылды қала, көлік және инфрақұрылым салалары бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін айтты.
Кездесу соңында тараптар қалааралық байланыстарды өркендетуге уағдаласты.