Қазақстан Президенті орталығы Президент архивіне қосылады
Қазақстанда екі мемлекеттік мекеме қайта ұйымдастырылады. Президент орталығы Президент архивінің құрамына өтеді. Тиісті жарлық 5 қарашада күшіне енді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біріктірілгеннен кейін Президент архивіндегі штат саны 293 адамды құрайды. Сондай-ақ мекеменің жаңа ережесі бекітілді. Бұдан былай архив тарихи құжаттарды сақтаумен ғана шектелмей, кітапхана, музей, ғылыми-зерттеу және ағартушылық жұмыстармен де айналысады.
Президент архивінде қандай құжаттар сақталады?
Жаңа ережеге сәйкес, мекеме Президенттің, Вице-Президенттің, Президент әкімшілігінің, сондай-ақ Мемлекет басшысына тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың қызметіне қатысты құжаттарды қабылдап, сақтайды.
Сонымен қатар Қазақстанның қазіргі және бұрынғы президенттерінің жеке архивтері, кітапханалары мен музей қорларын сақтау да мекеменің негізгі міндеттерінің бірі болады.
Архив тарихи маңызы бар құжаттарды, соның ішінде Қазақстан мемлекеттілігінің және президенттік институттың қалыптасуы мен дамуына қатысты материалдарды жинауды жалғастырады.
Архив құжаттары цифрлық форматқа көшіріледі
Біріктірілген мекеме жұмысының негізгі бағыттарының бірі – архив материалдарын цифрландыру.
Құжаттар электронды форматқа көшіріліп, кітапхана қорындағы басылымдар мен музей экспонаттарының цифрлық нұсқалары жасалады. Сондай-ақ электронды дерекқорларды дамыту жоспарланып отыр.
Ақпаратты іздеу, сипаттау және өңдеу кезінде жасанды интеллект технологияларын қолдану мүмкіндігі де қарастырылған.
Сонымен бірге архив материалдарына қол жеткізу заң талаптарына сай жүзеге асады. Атап айтқанда, мемлекеттік және қызметтік құпияға қатысты шектеулер ескеріледі.
Зерттеушілер мен азаматтар үшін не өзгереді?
Президент архиві көрмелер, экскурсиялар, дәрістер, ғылыми конференциялар және басқа да ағартушылық іс-шаралар өткізеді.
Сондай-ақ мекеме азаматтар мен ұйымдардың өтініштерін қарап, архивтік ақпарат ұсынады. Заңда белгіленген тәртіппен кітапхана және музей қорларындағы материалдарға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, тарихи құжаттарды Қазақстан аумағынан ғана емес, шетелдерден де іздеу жұмыстары жүргізіледі.
Жаңа ереже бойынша Президент архиві архив, кітапхана, музей және ғылыми-зерттеу жұмыстарын бір орталыққа біріктіретін мекеме ретінде қызмет атқарады.