Қазақстан премьер-лигасы: көшбасшы клубтар жеңіске жетті
4–6 шілде аралығында футболдан Қазақстан Премьер-лигасының 15-тур ойындары өтті. Бұл турдың басты ерекшелігі – көшбасшы командалардың жеңісі және аутсайдерлердің жағдайының одан сайын қиындай түсуі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
4 шілде
«Қайрат» (Алматы) – «Тұран» (Түркістан) – 4:0
Голдар: Рикардиньо, 31 (1:0). Станоев, 38 (2:0). Бағдат, 75 (3:0). Бағдат,83 (4:0).
«Қайрат» Еурокубок алдындағы матчта негізгі құрамның бірқатар ойыншыларын демалтып, эксперименталды құраммен алаңға шықты. Дегенмен, «Тұранның» қарсыласқа төтеп беруге қауқары жетпеді. Алматылықтар ірі есеппен жеңіп, еуропалық додаға сенімді қадам жасады.
5 шілде
«Жеңіс» (Астана) – «Ұлытау» (Жезқазған) – 2:0
Голдар: Сламбеков, 77- автогол (1:0). Баталья, 90+4 (2:0).
Алаңнан қуылды: Кейлер, 45+2.
«Ұлытау» командасының жаңа бапкері Нұркен Мәзбаев алғашқы ойында жеңіліске ұшырады. Бірінші таймның соңында Сергей Кейлердің алаңнан қуылуы жезқазғандықтардың жоспарын бұзды. «Жеңіс» ойын соңына қарай басымдықты өз пайдасына шешіп, үш ұпайға қол жеткізді.
«Қызылжар» (Петропавл) – «Ордабасы» (Шымкент) – 0:0
Алаңнан қуылды: Жимо, 19 («Ордабасы»). Чанаджия, 42 («Ордабасы»).
Шымкенттік ұжым матчтың көп бөлігін екі ойыншыға кем өткізді. Дегенмен, «Қызылжар» сан басымдығын пайдалана алмай, қарсылас қақпасының кілтін таппады. Жанкүйерлер арасында «Ордабасы» жайлы түрлі пікірлер туындауда, бірақ бұл ойындағы негізгі сын петропавлдықтарға бағытталды.
«Ақтөбе» (Ақтөбе) – «Атырау» (Атырау) – 2:0
Голдар: Жан, 35 (1:0). Жан, 80-пенальтиден (2:0).
«Ақтөбе» жазғы трансфер терезесінде шабуыл шебін түбегейлі жаңартты. Нәтижесінде бұл өзгеріс «Атырауға» қарсы матчта өз жемісін берді. Ал «Атырау» маусымдағы бірқатар сәтсіз шешімдердің салдарынан турнир кестесінің төменгі жағында қалып отыр.
«Елімай» (Семей) – «Тобыл» (Қостанай) – 2:3
Голдар: Вукчевич, 13 (0:1). Эль-Мессауди, 45 (0:2). Муртазаев, 59 (1:2). Свиридов, 63 (2:2). Чесноков, 70 (2:3).
Пенальти салмады: Мужиков, 49.
Семейдегі тартысты кездесуде «Елімай» қарсыласқа үш ұпай сыйлады. Бір сәтте 0:2 есебімен жеңіліп жатқан команда есепті теңестіріп еді, бірақ Ислам Чесноков шешуші гол соғып, «Тобылды» жеңіске жетеледі. Бұл жеңіс костанайлықтарды турнир кестесінде төртінші орнын сақтауға мүмкіндік берді.
6 шілде
«Жетісу» (Талдықорған) – «Астана» (Астана) – 0:2
Голдар: Грипши, 45+1 (0:1). Чинеду, 68 (0:2).
«Астана» бұл ойында қарсыласынан айқын басым болды. Әсіресе Джеффри Чинедудың екінші таймдағы жеке шеберлікпен соққан голы жанкүйерлер жадында қалды. Бұл жеңіс елордалық клубты турнир кестесінің алдыңғы қатарына қайтарды.
«Оқжетпес» (Көкшетау) – «Қайсар» (Қызылорда) – 4:2
Голдар: Мұхамед, 7 (1:0). Адахаджиев,, 10 (2:0). Досмағамбетов, 19 (3:0).Төреқұл, 44 (3:1). Тұзақбаев 48-автогол (4:1). Сұлтанов, 90+3 (4:2).
Бұл матч Шымкентте өтті. Осы матчтың алдында «Оқжетпестің» тізгінін Қайрат Нұрдәулетов ұстады. Отандық маманның алғашқы қадамы жаман емес. Командасы сенімді жеңіске жетті. «Қайсар» биылғы маусымда Шымкенттегі ойындары сәтсіз аяқталуда. Бұған дейін дәл осы стадионда «Ордабасыдан» ірі есеппен ұтылған.
Келесі тур:
Премьер-лиганың 16-тур ойындары 12–13 шілде күндері өтеді.