Қазақстан православтары мұсылмандарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады
Астана және Қазақстан митрополиті Александр, сондай-ақ еліміздің Православие шіркеуінің басқа да діни қызметкерлері мұсылмандарға құттықтау тілектерін білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Митрополит қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтап, Қазақстанның дәстүрлі діндер мерекелері бұрыннан қоғам өміріне берік еніп, мәдениеттің бір бөлігіне айналғанын, өмірімізді көркейтіп, халқымыздың тарихи жолын рухани мазмұнмен толтырғанын атап өтті.
Олар адамдардың жүрегінде жақсылыққа, мейірімділікке деген ұмтылысты оятады, жанашырлық пен жақыныңа қамқорлық жасауға үйретеді. Ғасырлар бойы Ұлы Даланы мекендеген жетекші конфессиялардың ізбасарлары бүкіл әлемге бауырластық пен өзара сыйластық мәселелерін айғақтап келді, – дейді митрополит Александр.
Сондай-ақ Қазақстан Православие шіркеуінің басшысы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірлік пен келісім туралы сөздерінен үзінді келтірді.
Жалпыұлттық бірлік – біздің баға жетпес байлығымыз, мемлекеттілігіміздің берік негізі. Қазақ жері сан алуан этнос өкілдерінің құтты мекеніне айналған. Барлық азаматтарымыз өткен тарихы, бүгіні мен болашағы бір екенін терең ұғынады. Өйткені жұртымыздың құндылықтары да, арман-мұраттары да ортақ, – деді ол.
Құрбан айт мерекесінің бірінші күні митрополит әрбір мұсылман отбасында бейбітшілік, қонақжайлық пен махаббат рухы орнауын тіледі.